01.01.2023
  855


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Іштен тоқып туады

 


 


 


...Мен бұл кісіні көптен көрген жоқ едім, әжептеуір қартайыпты. Әйтсе де онысы өзіне жарасымды кейіп беріп тұр. Ақселеу шашы толқындалып, маңдай мен самалға әдемі құйыла төгілген. Жайдарлана, ашыла есен-саулық сұрасып-сырласып қалдық. Сәтіне орай мен де көңілдегі күпті ойымды айтып салдым.


-           Апа, сізді жұрт немересін бағудан бас тартқан қатігез кемпір дейді. Апырай, жан дегенде жалғыз балаңыздың..-деп келе жатыр едім - болды, енді жетер! -деді қабағына бұлт үйіріліп. - Немеремді айналып-толғанбады, иіскеп еміренбеді, күлкісіне көмілмеді деп кім айтты саған?! - деп үнсіз қалды. Мен де әлгі сөзінен кейін батылым бармай тосылдым.


- Жұрттың айтқаны шындық. Ұлым мен келінді шақырып алып, баласын қолдарына жетектетіп жібердім. Үш ай бақтым, енді өздері бақсын. Шаршадым. Немерем азғандай миымды су ғып жіберді. Қазіргі бала бала емес, жүрген бір пәле. Сұрамайтын, таппайтын пәлесі жоқ. Шыдауым керек еді, шыдамадым. Жүйке жұқарыпты, төзім таусылыпты. Маған да жан керек. Қазіргі балаларды бағуға менің шамам да, ақылым да жетпейді екен. Соны мойындадым. Бүгінгі бала бәрін іштен тоқып туады,                                                                                                                   қарағым.- деді де хош айтысып, келіп тоқтаған автобусқа мінді де, кетті .


Аялдамада өзіммен -өзім мен қалдым, бірақ әлгі кісінің айтқаны баста дың-дың. «Бүгінгі бала бәрін іштен тоқып туады».                               Осы күні ғаламтордың жазбайтыны жоқ, теледидардан көрмейтінің, радиодан естімейтінің кемде- кем.


..Ана құрсағындағы шарана он алты аптадан-ақ тамырлардағы қан айналымын естісе, жиырма төрт аптада оның құлақтары толығымен жетіледі екен. Бұдан соң анасының жүрек соғысына үйреніп, сырттағы дыбыстарды анық естиді -міс. Тіпті ол анасының сөйлеу мәнеріне қарай қимылдайды екен.                                                                                Шешесінің көңіл - күйі шаранаға тікелей дарыса керек.


Рас- өтірігін кім білсін, Израильде сынақ ретінде бір күнде, бір уақытта туған еврей, араб, орыс баласын кіндігі кескен соң бір бөлмеге оңаша жатқызыпты. Алдымен дауыстап еврей тілінде: « жарық дүниеге хош келдіңдер, өмірлерің ұзақ болсын» - деп, жылы да жағымды лебіздер айтқан екен. Сол сәтте араб пен орыс баласы қыбырсыз қалып, еврей сәби қозғалып, уіл шығарыпты. Ал осы сөздерді арабша айтқанда, жаңағы еврей мен орыс нәрестелер тырп етпей, араб шарана қимылдап, әлдебір үн қатқандай болыпты. Орысша айтқанда да орыс нәресте дәл солай белгі беріпті-міс.


Шариғатта азан шақырып қойған есімді құндақтағы баланың жүрегіне періште жеткізеді. Сонда оны сезген баланың қуанышы мен күлкісі ұйқыда жатса да бет – жүзінен байқалады дейді.


...Баяғыда иен далада екіқабат келіншектер ат үстінде шарықтата ән салып, күлдір-күлдір кісінетіп жылқы қайырып, желіге құлын байлап, күрпілдетіп бие сауып жүріп-ақ толғата           береді екен. Ат құлағында ойнаған ержүрек дарабоздарды,                                                   жалпы қазақты жылқы мінезді дейтіні енді түсінікті болды, осыған иланғың келеді.


... Кеше көршімнің келіні ауылдан «аудимен» келе жатқанда толғағы келіп, әйтеуір перзентханаға жетіп босаныпты. Шарананың іштен не тоқып туғанын алла біледі. Бауы берік болсын!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу