01.01.2023
  104


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Өтем

 


 


 


« Ербақытты өлтіріп кетіпті. Апырай, кісіге зәредей де қиянаты жоқ, жүрегі жылы, иманды кісіге қол көтеруге қай қаскүнемнің дәті барды екен, ә!», «Ойхой, несін айтасыз, асыл қазына, алтын сөзді абыздан айырылдық! » - Сумаңдаған суық хабар желдей есіп, өрттей лап етті. Аяқ астынан қала жұрты дүрлікті де қалды. Елдің де, ердің де қамын ойлайтын бір кісі болса, осы Ербақыттай-ақ болсын деп танитын да білетін жұрт ақ ниет-пейілін айтып жатты. Бірақ мұндай қатігездіктің кімнен келгенін білмей, дал болды. Ал енді, марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келген адамдардан жер қайысты. Ержетіп қалған ұл мен қызы, әйелі қайғыдан көкірегі қарс айырылған. Митигіде шығып сөйлегендер талай көзді жасауратты, талай жүректі шымылдатты..


Айтпақшы, Ербақыттың артынан ерген жалғыз інісі бар екен. Аты - Ерқанат. Астанада. Кейпі сұрғылт, тұздық ішкен теке көз, кемиек, бәкене бойлы, тәштиген біреу. Былайғы жұрт оның бар-жоғынан бейхабар. Жақындарының кейбіреулері танып кеп көрісіп, көңіл айтып жатты.


Жылп етіп жыл өтті.    Ербақыттың қанын жүктеген қаскүнем қолға түспеді. Бұл төңіректегі әңгіме де бұрынғыдай емес, айтыла –айтыла аяғы сұйылып, бірте-бірте саябырлап тынған-ды. Жылына асқа келгендердің өзара абың-күбіңі: қым-қуыт қымбатшылық, мансабы өскенге қошамет-қолпаш, байлардың жаңадан алғандары мен салғандары, ақыр аяғы еуропаға ағылған мигранттардан аспады. Осыдан бір жыл бұрын қара жер қойнына берерде еңіреп, ардақтап, арлаған ағылда-тегіл ел көңілі сол жолы біратола түгесілген екен. Ас үстінде әдеттегідей марқұм хақында бірер адам сөз сөйлеп, көңіл бөліспеді. Молданың астың басы мен соңында оқыған дұғасымен тарқасты.


..Астың шәйін ішіп, сыртқа    ең соңынан шыққан марқұмның ет-жақындары көлік-көлігіне жақындай берген еді. Қайдан шыға келгені белгісіз, бір сап- сары кекілі желкілдеген он жасар бала мынаны сіздерге бер деді деп, сыртында еш жазуы жоқ, аузы ашық жұқа конвертті тұрғандардың бірінің қолына ұстата салды. Тұрған үшеу қапелімде ешәрсені түсінбей аң-таң болғанша бала да зым-зия. Бірі конверттің ішіндегі қағазды алып, көз жүгірте бастады:


« Сіздер ештеңені де білмей, білгілеріңіз келмей селсоқ тарадыңыздар. Айтайық енді: Марқұмның інісі Ерқанат - тигенге тиіп, тимегенге сідігін шашып жүрген зәнталақ. Құтпан төбеттей әупілдеген бетпақ. Талай адамды қан қақсатқан қаныпезер. Кісі де, дүкен де тонаған. Айтсаң тілің күйеді.          Біреудің қаршадай баласын нақақтан-нақақ аяғын сындырып, мүгедек қылды. Ол ол ма, бір жігіт ағасының он екіде бір гүлі ашылмаған, жан дегенде жалғыз қызын зорлап, тепкілеп өлтірген.. Бұдан басқа да қиянат-қорлығы шаш етектен. Осының бәрінен тергеу-түрмеден, оттан- соттан амалын тауып, аман алып шыққан ағасы – Ербақыт еді. Былайғы жұртқа дабыра қылмай, үн-түнсіз шешуге әккі болатын. Ербақыттың бұл тірлігін ет жақындары мен дос-жарандары, сіздер сездіңіздер, естігенсіздер де. Бірақ ешкім де тіс жарып ешнәрсе сұрамады: «Аш құлақтан - тыныш құлақ», «Бәленің беті аулақ».


Ербақытты қанша жерден жұрт жақсы адам десе де, ол әділет алдында дәрменсіздік танытты. Көпе – көрнеу, кісіге талай қиянат жасаған бауырына тосқауыл қойып, тоқтата алмады. Інісін тәубәсіне келтіруге ұмтылмады. Тіпті қой деудің орнына қорғаштады. Бәріне жеткен    сұңғыла қабілеті зұлымдыққа қарсы күреске жетпеді. Астанаға талай сабылып, ерше барып, итше қайтып жүрді..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу