01.01.2023
  88


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Айсана

(Шығыс сарынындағы қазіргі әфсана)


 


Үлкен даңғылда "Ленд Крузерді" ұршықтай үйіріп келе жатқан Сүйрік өзіне қатарласа берген дәл өзінікідей "қаракөкті", оның руліндегі сұлу қызды көріп жүрегі дір еткендей болды. "Хор қызындай сұлуын қарашы-ей! Тоқта, бәлем!" Бұл ойлап үлгергенше қыз оқ бойы алға озып кетті. Сүйрік жылдамдықты барынша арттырып, бір шақырымға жетер-жетпес те қуып жетті. Терезесін ашып жіберіп:


– Оу, аймаңдайлы қарындас! Сәл аялдаңызшы, айтар сөзім бар! – деді дауыстап. Сол сәтте қыз мұның сөзін қағып алса керек:


– Қоңырау таққан құба нардай болған, ағасы-ау, сонша не боп қалды? Даусында наз, саф сыңғыр бар екен. Қозы көш жер ұзап барып тоқтады. Сүйрік келіп жеткенде, қыз да кабинаның терезесін түріп тастаған. Сүйрік есімін айтып танысты. Қыздың аты – Айсана екен.


– Айсана! Құй сен, құй сенбе, сені көргеннен-ақ жүрегім аузыма тығылды. Бірі – шекер, бірі – бал, бірі – қайың, бірі – тал талай қарындастарды көріп жүрміз ғой. Бірақ бірде-бірі дәл сендей жүрегімді өртеген емес. Құлың болып өтейін, өлсек, бір шұңқырда, шықсақ бір төбеде болармыз. Имандай шыным, қолыңды бер! – деп жалына жабысты.


– Қанадылдай шырылдап, жүрегің езілмей тұра тұрсын, – деді Айсана күлімдеген қалпы, – анау артыңа қарашы, көз ұшында құлдырап келе жатқан "Хаммердің" ішінде менің сіңілім – Күнсана бар. Өзі перінің қызындай менен өткен сұлудың сұлуы. Ажарына ақылы сай перизат. Соны көрші, мәжнүн, сұлтаным! – деп сыңғырлай күлді, көлігі орнынан лып етіп қозғала берді. Сүйрік қапелімде абдырап қалды. "Мына сайтан қыз шын айта ма?! Кім біледі, көрсем көрейін", – деп ойлады. Көп күттірмей-ақ, сұрғылт түсті жалт-жұлт еткен "Хаммер " жақындай түскенде, Сүйрік жанұшыра, – тоқта! – деп белгі берді.


Сымбатында сын жоқ жұтынған көлік мамырлай кеп тоқтады. Рөлінде басында дағарадай жеңіл қалпақ киген, мойын еті қатпар-қатпар, екі бетінде үш тарау сояу-сояу әжімі бар, жуан білектерін қоңырқай жүн басқан, алпысты алқымдаса да, ерніне қызыл бояу жүгірткен "жасамыс" әжей отыр. Көрген сәтте Сүйрік тұрған орнынан теңселіп құлап қала жаздады да, жалма-жан: "Кешіріңіз, сізді біреумен шатастырып алдым, жүре беріңіз", – деді даусы зорға шығып. Сылаң қағып "Хаммер" жүйтки жөнелді.                        Сүйріктің қаны басына тепті. Түтіккені сонша, тікендей қара қастары тікірейіп, тістерін қышырлата шайнап, өзіне-өзі айбат шеге кабинасына секіріп мініп, Айсана кеткен жақты тұспалдап заулады-ай кеп! Мейманалы дәуренінде мұндай күйді кешпеген оған екі қырды асқаннан-ақ, қылыштың қырындай жол сорабынан бұлдырап                      Айсананың "қаракөгі" көзіне шалынды. Айсананың көлігі бұған қарайлағандай қаннан-қаперсіз баяу ғана жорғалап бара жатқандай. Ал Сүйріктің жақындаған сайын ашу кернеген күйі сәл бәсеңси түскен.


 


– Сен неге мені алдадың, Айсана ханым! Менің ақ ниетімді неге таптап кеттің? – деді қуып жеткеннен соң ентігін баса алмай.


– Ниеті тәуір жігіттің, Жүрісінде мін болмас. Айтқанында зіл болмас,


Көңілінде кір болмас, – деген, мырза. Сабыр ет. Ал тыңда: мен сенің жүрегіңді шын өртеген болсам, сен менің құлым боп өтуге дайын болсаң, онда басқа сұлуға қарамас едің. Сен ойланбастан-ақ артыңа тұра жүгірдің, ендеше айтқаныңның бәрі жалған! "Сымбатыңда сын жоқ, ішкі сарайыңда дым жоқ" пендесің. Хош! – деді де жүріп кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу