30.12.2022
  522


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Қарапайым болу кімге лайық?

Рудныйдағы "Горняк" спорт кешені. Бойы сырықтай, желке шашы желпілдеген, бақырайған қос жанары көзілдірігінен тесіп жіберердей елгезек кісі сахнадағыларға дамыл берген жоқ. Екі қатарға тізілген топты бірден үйіріп әкетті. Ән айтушылардың дауыс ырғағын, әннің әр тармағының дыбысталуын, сөздің мәнерін мұқият қадағалап, қаперінен қалт жібермеді. Сахнаға күні бойы сан мәрте жүгіріп шығып, өзі бас болып, ән шырқап әбден терледі. Ақыры сын сағаты да келіп жетті.


Елбасы рудныйлық кеншілерді торқалы тойымен құттықтады. Содан соң іле жұрт алдына шыққан ол музыка легімен әнді бастай жөнелгенде, дыбысы стадион ішін бірден кеулей кернеп әкетті. Үлкен-кіші бәрі сол сәтте ән дүбіріне елітіп, жетегінде кеткенін байқамай да қалды. Әнұранды мәнерімен құйқылжыта аяқтағанда, алаңда отырған қалың көпшілік дүр етті. Шынайы қошемет! Төккен тері зая кеткен жоқ екен.


Ол енді әр қадамын әнтек басып, жүзі нұрлана жеңіл ғана Елбасы отырған шатырға беттеді.


Бұл Рудный қаласы стадионында өзі әнші, өзі дирижер, өзі режиссер болған               қазақстандық    миллиардер,   олигарх,   аллюминий   алпауыты    – Александр Машкевич еді. Болса ше? Оны, қадірлі оқырман, несіне мил-лиардерді тамсана жазып отырсыз деуіңіз хақ. Айтып көрейік. Бізді, шынтуайтында,    әйгілі     алпауыттың     байлығы мен                  шайлығы  емес, ықыласымыздың ауғаны – оның пенделік қылығы. Дәлірек айтсақ, қарапайымдылығы. Өндірісте қызмет істейтін әрі комбинат басшылығына жақын кісілердің айтуына қарағанда,     Машкевич мырза шектен шыққан қарапайым адам көрінеді. Комбинатқа келсе болды, кісі талғамай     көңілі ауған адаммен ежелден таныс адамдай жайдарлана үйіріле түседі екен. Тіпті миллиард қаржының иесінің мысы ма, буы ма, әйтеуір бір артық мінез-құлқы, қасиеті ме, бірдеңесі сезілуі керек қой. Бірақ мұнда түк те сезілмейтін көрінеді. Кәдімгі көшеде   күнде көріп жүрген серейген күйі, қарапайым пендеден еш айырмасы жоқ. Бірақ миллиардер.


Ал ССӨБ-нің 60 жылдық мерейтойында жанкештілікпен әнұран жазып-жаттап, өзі орындады, ал онда тұрған не бар? Біздің заманымызда таң қалатын құбылыс қалды ма екен?                                  Кімнің не ойласа да еркі.   Сан-саққа жүгіртуге хақылы. Алдымен қайтсем Елбасына жағынам, қайтсем оның көңіл-күйін табам деп зыр жүгірді дер. Бірақ бұған иланғың келмейді. Неге? Себебі ұзақ жылдан бері Елбасының сенімді инвесторлар қатарында саналатын, оң қабағына ілінген басқа емес, аса бай Машкевич бұл. Сондықтан мұндай жағымпаздық Александр үшін тым ұсақ-түйек секілді. Төрткүл дүниедегі байлығын еселей түсемін деп тыным көрмейтін Александр көп кәсіпорынның біріндегі мерейтойда әнұран шырқап, жалынды сөз сөйлеп, Елбасынан тағы бір ұпай алып қалайын деді десең, баланың сөзі сияқты. Қазақы түсінікпен қарағанда. Немене әнұран айтудан басқа амал-тәсіл қалмап па, сірә? Көзге түсіп, қызметімді көтеруге септігі тие ме дейтіндей биліктегі қызметкер емес. Дүние-мүккәмалы аста-төк олигарх Машкевич. (Әлде еврей үшін ұсақ-түйек деген, бәлкім, болмайтын шығар?..)


Жалпы бұрын-соңды еврейлердің қазаққа істеген жақсылығы бар ма? Бар. Қазақтың 1000 әнін жинап-теріп, нотасымен кітап шығарған, "Қыз Жібек", "Ер Тарғын", "Жалбыр" операларын жазған, "Қалқаман-Мамыр" балетін қойған А.Затаевич, Брусиловский, Ерзакович, Шаргородский, Шабельский, Круглыхин, Орлов секілді қазақстандық еврейлер, бірі қазақтың ән-күйлерін жинаса, бірі өңдесе, опера жазса, бірі қазақ музыкасы туралы оқулықтар шығарды, лекция оқыды, ұлттық кадрлар дайындады. Бұл енді мәселенің бір жағы. Біздің айтпағымыз Машкевичті, еврейлерді жақтау немесе жағыну емес, басқа.


Турасына көшейік. Машкевичтің орнында бір қазақты қойып көріңізші. Миллиардтаған доллары бар, әлемдегі ең бай адамдардың бірі болған қазақ қарапайым адамдармен қатар жүре қояр ма еді? Өзі                      комбинатқа әнұран жазып, жаттап айтып "азапқа" түсіп, күнге күйіп, зыр жүгірер ме еді? Тіпті, керек десеңіз, миллиардер қазаққа (бөрі текті) қарапайым болу жараса ма?..


Бір анығы, қарапайымдылық – қабілет, қасиет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір амалында өте қарапайым болған. Өзгелерге де қарапайым болуды әмір етті. "Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді. Сол секілді Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына жүз еселік дәреже береді" – делінген хадисте.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу