30.12.2022
  329


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Бәсеке

Мына заман бетерден бетер... Қалауыңызға қарап, ауаныңызға төңкеріліп жатқан жоқ. Тірліктің тініне назар салсаңыз, болымыңызды, бәсекеге қабілеттігіңізді құдайдың құтты күні тезге салуда. Нәсіліңізге, ұлтыңызға, жынысыңызға, тіпті жыныңызға да шаруасы жоқ, айнала-төңірек құмырсқаның илеуіндей. Соның ішінде, жылқы мінезді қазекеңде не өзгеріс, не жаңғыру бар? Қазақтың ардаемген қадір-қасиетінің қайсысы заман нөпіріне төтеп беруде? Осы ойлар көкейде жүргенде, бір басқосуда аяқ астынан өзінен-өзі алдымнан шықты:


– Төзімділік! – деді бекзат мінезді Қабекең деген ақсақал, – мына дүниенің аласапыранына ұлтымыз төтеп беріп, төзімділік танытып отыр. Әйтпесе кешегі қайта құрудың дүрбелеңі, желтоқсанның қасіреті, тәуелсіздік алмағайыбына барлық халық шыдас берген жоқ. Он бес республика, социалистік елдеріңізге қараңыз, өзара қырқысып-жанжалдасты, қан төгілді, аударылып-төңкерілді. Ажырасты, бөлінді. Біз де күйзелдік, қиналдық. Бірақ, кемеміз алапат дауылда қанша шайқалғанмен де аударылмады. Бағыт-бағдардан айырылмады, адасқан жоқпыз, – деді.


– Сол төзімділіктің екінші жағы бар. Ол – есе жіберу. Қазақ жан-жақтан жамыраған құбылыстардың бәріне бірдей төзіп отыра берсе, тозып кетуі де ықтимал, – деп Айбат есімді жігіт бүйірден әңгімеге қосыла кетті. – Тіпті рухани банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз! "Не жесең, соған тартасың", – депті қытай Лао-Цзы. Адам пендесі қай малдың етін көбірек жесе, мінезі соған ұқсайтынын ғалымдар дәлелдепті. Қайсыбір ұлт өкілдерінің бет-пошымына бір сәт зер сала қарасаңыз болғаны – кімнің доңыз етін, кімнің балық етін жейтіндерін байқауға болады дегенді де оқыдық. Ал енді басқаны қайтеміз, өзімізге келсек, соғым кезінде жылқы, қалған уақытта бәрін де талғап, талғамай жей беретін қандастарымыз аз емес. Тәуелсіздіктен бергі жаңа заманның жас алашы жылдан-жылға есейіп, сақайып келеді. Оларда қазақтың ұлттық қандай мінез-құлқы, рухани дидары бар? Олар бәсекеге лайық па?


– Бәсекенің де түрі көп. Экономиканың-өндірістік бәсекенің соңына түскен үкімет білек сыбанып, алға ұмытылып отыр. Инвестициялық тартымды жобалар іске асса, бәсекені қамшылай түсері сөзсіз! – деді экономист Нұрзат.        Нұрзат кәсіпкерлікке жетекшілік ететін мемлекеттік органда істейтін жігіт.


– Сенің сол жобаларыңды жусататын адамдар қазақша сөйлей ме, ас қайыра ала ма, бата біле ме? Тіпті қазақша кітап оқи ма, сұрап көрші, қазіргі қазақ ақын-жазушыларынан кімді біледі екен? – деді Айбар айбарланып. Нұрзат мұндай сауалдарды күтпесе керек, абдырап қалды. Сәлден соң барып:


– Сіздің айтқандарыңыз, олардың тікелей қызметіне қатысы жоқ. Біле-білсеңіз, жаңа ғылыми жетістіктерді қолданып, озық технологияны меңгеріп, менменсіген бірқатар елдердегі байқауларда асып түскен талай тамаша мамандарымыз бар. Заманауи талапқа төтеп беретін техник, технолог болу үшін де айрықша талант, дарын керек. Бата, өлең-жырды, ақын-жазушыны білмейді деп олардың зор қабілет-дарынын кемсітуге болмайды. Керісінше, өнер         адамдары           өнеркәсіп    пен              өндірістік             технологиядағы,   аграрлық секторлардағы осы заманғы жампоз қазақ мамандарын атын атап, түсін түстеп бере ала ма? – деді ол Айбарға айбарлана қарап.


– Сен, бауырым, мәселені олай аударма, маман болу бір басқа, адам болу бір басқа! – деді Айбар сәл жуасып. – Бәсекеге адам капиталы кешенді түрде түседі. Әл-Фараби бабамыз адамгершілік тәрбие көрмеген дарынды маман қоғамға аса қауіпті екенін айтқан. Бізде тәрбие бәсекесі, руханият бәсекесі банкротқа жақын қалды. Ақырзаман боларда адамдар өзімшіл, ақшақұмар, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, ешкімді сүймейтін, ұстамсыз, қатыгез, құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады дейді.


– Бәрін айт та, бірін айт, қазақтың адамгершілігі, кісілігі, намысынан артық еш нәрсе жоқ.                      Дәл осылардан басқалармен бәсекеге түсіп, озық тұрсақ, – деді күндікке әңгіменің ауанын аңдып отырған Қабекең ақсақал. «Айнала алмай ат өлетін, айыра алмай жат өлетін» елге айналарымыз анық.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу