30.12.2022
  142


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Тәуба

Жап-жас жігітті бір машина қағып, тіл тартпай кетті. Жігіт біреудің жалғыз баласы екен. Қаққан кісі аудандағы бірінші басшы әрі байдың бірі болса керек. Ол жедел жәрдемді күтпей, оқиға болған жерден кетіп қалады. Полиция үйіне іздеп барса, түк болмағандай қаннен-қаперсіз жайбарақат демалып жатыр дейді. Кешірім сұрап, өкінудің орнына: "Подумаешь, алдымнан  шығып    несі  бар,         беталды     жүрген                    өзі           кінәлі",         –               деп тәкаппарланыпты. Жігіттің ата-анасы сабырлы, көрегенді кісілер екен: "Жазмыштан озмыш жоқ, өлер бала өлді, оның орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Қайтейік енді?" – деп, берген ақшаны да, көмекті де алмай, – тек көзіме көрінбеңізші, – деп өтініпті. Байды кешірген, ол қазір қызметі өсіп, облысқа ауысыпты деп естідік.


Бәлкім білерсіз, бәлкім есіңізге түсер, мынандай бір әфсаналық ертегі: Ертеде бір патша болыпты. Бір күні ескіше кітабын ашып отырған кезінде "адам баласы қандай жүйрік болса да, кемшілік келейін десе, оңай екен" деген сөзді тауып алады. Сонда патша: "Мен өзім бірсыпыра елді биледім әлі де билеп тұрмын, білім-парасатым жұрттан артық, менде не кемшілік бар?" деген ой келеді. Сөйтіп отырғанда, көшеден айқай шығады. Бір уәзір келеді де: "Бір нәрсе көрдім не екенін білмеймін, соны, патшам, сізге көрсетуге келе жатырмын", – дейді. Патша далаға шығып қараса, дөңгелене заулап жанып бара жатқан бір отты көреді. Уәзірге: "Менің дүлдүлімді әкел!" – дейді. Уәзір дүлдүлді әкеледі. Оған мінеді де тұра қуады. Қуады да шаһардан екі шақырым шыққаннан кейін жетеді. Жетіп келіп қараса, жүні сусылдаған алтын киік. Әлгі жарқыраған от сол киік болып шыққан. Киік бір батпаққа қабырғасымен батып қалған екен. Патша: "Енді бұған барсам, ат жығылады, киімім былғанады", – деп, барша киімін сыпырып тастап, жаяу, жалаңаш киікті ұстауға қасына келеді. Патша қасына келгенде,                                                                         санынан батпаққа батады. Киік сілкініп-сілкініп қойып еді,                                         айдары беліне түскен ақ жігіт болды. Содан соң ханның киімін киіп, дүлдүлін мініп: "Қош, хан ием!" деп, жүріп кетеді. Хан бір мезгілде батпақтан шыққан күйі шаһарға келеді. Бірақ балалар жалаңаш жүрген жынды кісі деп тас лақтырып қуып, шаһарға жуытпайды. Жәбірленген хан "бүйтіп тірі жүргенше суға ағып өлейін", – деп өзен шетіне келсе, судың жағасында бір кемпір-шал отыр екен. Хан келісімен, – суға түсіп өлем, – дейді. Шал: "Өлме!" – дейді. "Өлмей қайтем? Киімім жоқ, тамақ жоқ", – деп жауап қайырады. Содан кемпір мен шал бір ескі көйлегі мен кішкене нан береді. Шал: "Сен бүйтіп жүрме, қалаға барып қайыр тіле", – дейді. Патша шалдың айтқанын тыңдап, мойнына бір дорба салып алады да шаһарға келеді. Садақа сұрап төрт-бес күндік тамақ тауып алады. Патша бір мезгілде "Үйіме барып көрейін, бар ма екен, қатын-балаларымды, уәзірлерді көрейін, мені таныр ма екен?" деп келеді. Келе үйде отырған ханға "Ассалаумағалейкүм!" деп, "қайыр-садақа" деп, уәзірлерді қағып тастап, тура ентелеп ханның алдына барады. "Сен кімсің, қай жердің кісісісің?"– дейді хан. Сонда: "Осы шаһардікімін", – дейді. Шаһардікі болсаң елің кім, атың-жөніңді, бәрін шапшаң айт!" – деп сұрайды. Патша көрген-білгенін тегіс баян етеді. Сонда бір уәзірін шақырады да: "Мынаны жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып алып кел", – дейді. Жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып, ханның алдына әкеледі. Хан мүсәпірдің қолынан ұстайды. "Кітаптың бетін ашқаның рас па?" – деді. Ол: "Рас", – дейді. "Бұдан былай көңіліңе астамшылық ойлама! Тәуба де!" – дейді де, – міне тағың, міне жұртың, міне уәзірің, міне елің, мен Жәбірейіл періштемін, – деп тағын өзіне беріп жоқ болады.


Халықтан сөз қалған ба? "Тасыған – төгілер", "Байыдым деме, кедейлік сіңіріңе жетер. Жетістім деме, қара жер түбіңе жетер" т.с.с


Тәуба бойда жүрсін, ізгілік болсын!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу