30.12.2022
  202


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Аузы дуалы, сөзі уәлі...

Кей кезде таныс, бейтаныс кісілермен кездесіп қаласыз да, қазақы ізетпен әңгімесін тыңдауға мәжбүр боласыз. Мәжбүр боласыз дейтінім, ол кісі сіздің әңгімеге құлқыңыз бар ма, жоқ па, онымен санасып жатпайды. Көбіне дәмі жоқ, татуы жоқ әңгімемен есіл уақытыңыз босқа рәсуа кететіні бар. Ұят та болса ашығын айтайық ата сақалы аузына түскен білімдар, өмір көрген, қызметте болған қарттар, ел ағасы болған кісілер. Мұндайда кейде сонау құлдыраған балалық шақ еске түседі. Бала кезде үйге ақсақал-қарасақал, ақ жаулықты әжелер қонаққа келсе, бір ғанибет еді. Олар небір әңгімелер айтқанда, бала болсақ та босағадан, іргеден елітіп, ұйып тыңдайтынбыз. Әсіресе, кіріп-шығып жүрген балалар болсын, келін-қыздар болсын, соларға қаратып оймақтай етіп сөз ертіп жіберетін. Онысы жарасымды, қонымды, ұғымды. Кезі келгенде төрдегі қариялардың батасын алуға ұмтылып, қолына су құюға таласатынбыз. Ата-анамыз: "Аталардың аузы дуалы, сөзі уәлі. Батасы қабыл болады", – деп отырушы еді.


Ел аузында жүрген мынандай бір тәмсілді айтайық. Ілгерірек заманда бір жолаушы танымайтын бір ауылға келіп қонады. Таңертең тұрса, атының ер-тоқымын біреу ұрлап кетіпті. Пұшайман болған қонақ жағалай сұрастыра жүріп, ауылдың қадірменді қариясына жолығып, басынан өткенін айтып шағынады. Мән-жайды білген ақсақал ауылдың бір алаяқ жігітіне, – алған ер-тоқымын әкеліп берсін, әйтпесе ендігәрі сәлемін доғарсын, – деп кісі жібереді. Хабар жетісімен әлгі: "Әгәрәки ақсақал сәлемімді алмаса, елге қарайтын бетім қалмайды, өйтіп тірі жүре алмаймын", – деп ұрлаған затын дереу әкеліп беріпті. Аузы дуалы қарияның бір ауыз уәлі сөзі ұрыны да тәубесіне келтірген. Ұлттың уызы ұйыған ауылды, сондай қазына-қарияны, енді қайтып көрер ме екенбіз?!.


Таяуда Қостанайға жақын іргелі ауылда бір жас жігіт нақақтан нақақ жалалы болып, сотталып кетіпті. Азаматтың ақ, адал екенін ауыл үйдің еңбектеген баладан еңкейген қартына дейін айтып отырды. Тек үй ішінде ғана. Жұрт көзіне таудай көрінетін арлы, намысты, ел қамын ойлайтындай, ешкімге есесін жібермей, еңсесін түсірмей жүрген ер-азаматтар ауылда баршылық екен. Бір таң қаларлығы, солардың арасынан бірде-біреуі аудандық сот, ауылға келген комиссия алдында жігітке араша түсуге, әділдігін, құдайшылығын айтуға жарамаған екен. Сонда бір кісі тұрып: "Біздің елде сөз емес, сөзді сөз қылғаннан өзге пәтуәлі іс қалған жоқ", – деп таусыла сөйледі. Бәлкім, күйінгеннен шығар?.. Десек те, бір сұп-суық селқостық ауылдас тұрмақ, ағайын, туған-туысқандар арасын дендегені анық. Бір хан түс көріпті. Аузында бір тісінен басқа тістерінің бәрі түсіп қалыпты. Қатты шошып оянған хан екі уәзірін шақыртып, түсін жорытыпты.


Хан:


– Түсімді көңіліме қарамай әділ жорыңдар, ұнаса сый-сияпат аласыңдар, ұнамаса бастарыңды кесемін, – депті. Содан бірінші уәзір:


 


– Түсіңіздің мәні былай, хан ием, сіздің бар туғандарыңыз қырылып, жалғыз өзіңіз қаласыз, – депті. Сонда хан ашуланып:


– Бар туған-туысым қырылып қалса, қалған өмір бос емес пе, не деп отырсың? – деп басын шаптырып тастапты. Мұны көріп отырған екінші уәзір қорыққанынан дірілдеп, дұрыс жорыған уәзірдің басын шауып тастаған ханға, түсін қалай жорырын білмей:


– Хан ием, сіздің өмір-жасыңыз қалған туыс-туғандарыңыздың бәрінен де ұзақ болады екен, – деп жорыпты. Сонда жаңа ғана қылышынан қан сорғалатып отырған ханның жүзіне күлкі үйіріліп:


– Сен дұрыс жорыдың, сөз құдіреті деген – осы! – деп сый-сияпат жасапты дейді. Байқасақ, екі жору да бір, бірақ екіншісінің аузы дуалы, сөзі уәлі болып отыр.


Біздің халық ертеңінен жақсылық күткен, күдерін үзбеген. Аузымен құс тістеген ділмар да, шаршы топта таңдай қаққызған шешен де, тілін ақылына билетіп, әсерлі, уәлі сөз айтқан көсем де ел арасынан шыққан еді. Үлкендерге сәлем беру, құран оқыту, садақа тарату, бата жасау, қонақ күту дәстүрiнде небір жарқын сөздер айтылып жатады. Замандастарымыздың көбісінің жанары жарық, көкiрегi ояу, дүниеқоңыз, ақшаға құл емес, дос-жаранды, қайырымды да мейірімді. Қасында жүрсең, жаның семіреді. Неге екені белгісіз, осындай кісілердің біразының аузы дуалы, сөзi уәлi емес.


"Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ" деген осы ма?


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу