28.12.2022
  122


Автор: Сейітқұл Оспанов

ШАЙҚЫМ

Шайқым – шулы қаладан, машиналар ерсілі-қарсылы ағылып жатқан үлкен даңғыл жолдан мойны алыс, қызыл қия құмның ішіндегі аядай ауылдың қара домалақ балаларының бірі. Кескін-келбет, түр-түсін суреттесем былай: денесі мығым, бойы жөнінде кесіп-пішіп айту қиын, ойын баласы, әлі өмірі алда, өседі ғой, бәлкім, әкесіне тартса, ұзынтұра болар, қазір дегенмен өз тұстастарына қарағанда шарға, тәпелтек, мықыр. Қысқа, мыртық саусақтарының буын-буындарының аралығы балықтың торсылдағы сықылды жұмсақ тырсиып тұрады. Мұрыны дүмпіл, дөңес, кейін тау мұрын жігіт болады-ау шамасы. Бет терісі қалың, содан ба кей-кейде ішіндегі көңіл күйі бетіне қан боп ойнап тепсе де, онша білінбейді. Ерні дүрдек. Астыңғы ерні жайбарақат салбырап түсіңкі жүреді, ар жағынан сарғайған майда қой тістері көрінеді. Шашы қатты, қайратты. Басының әр жер-әр жерінде, оң шекесінде, маңдай төбелігінде, шүйдесінде кішкене кезінде шыққан теміреткінің алатағанақ ойдым-ойдым іздері бар. Осыған бола балалар Шайқымды көбіне «Тазша» дейді мазақтап. Көз ұшынан құйын көре қалса: «Тазшаның үйіне, Шайқымның үйіне бар!» – деп жамырап, шулап қоя береді.


Мінез-құлқы бала-шаға ығыр ғып, мініп-түсіп жатса да, қыңқ етпейтін қойторы аттар секілді, иі жұмсақ. Біреудің жағасын жыртып, не біреуге дауыс көтеріп, алысып-жұлысып, алқын-жұлқын оғаш қылық көрсеткенін осы уақытқа дейін ешкім естіген де, көрген де емес. Өзімен өзі. Ешкімге зияны жоқ. Бір нәрсені берсең алады, бермесең, қадалған жерінен қан алып және өжектемейді. Шешесі кейде оның осы мінезіне күйініп: «Қара да тұр, бұл ма, бұл соңыра нанын тауып жей алмайды!» – дейді. Кім білсін... Өмір көрсетеді ғой. Ың-шың, айқай-шуды сүймейді. Себебі өзі елеусіз бала адам басы қара-құра көп жерде тіпті көзге ілінбей қалады, сондықтан да өзінше оқшау, оңаша жүргенді жақсы көреді. Бірақ ойынқұмар. Ақ таяқты ат қып мініп, ауыздығымен алысып, шіңгірлеп, кісінеп құйғығанда, табаны жер иіскемейді. Әсіресе ләңгі тепкенін айтсай! Бір мүлт кетпейді. Жасырынбақта ол тығылмайтын, ол білмейтін қуыс-қолтық жоқ. Дегенмен әрдайым көңілдегідей құмары қана армансыз ойнап жарытпайды. Біреу оның асығын, біреу добын тартып алады. Бұған бәрі де көрер көзге қиянат жасайды. Ондайда жанжал шығаратын Шайқым ба?! «Мұның не, мұның зорлық!» – демейді. Көзін алартып доқ та көрсетпейді. Қайсыбіреулерге ұқсап жылап-еңіреп, ботадай боздап, шешесіне де бармайды.


Не керек, бұған бәрі мәтіби. Не болса да бәрі ішінде. Жұрт Шайқымды жылатқанды қызық көреді. Өйткені оның жылап-еңірегенінен келіп-кетер ештеңе жоқ, ешкімнің де көңілінің шырқы бұзылмайды. Кір-кір қолымен айғыздап көзінің жасын сүртеді де, ойынға қайта кіреді.


Тілазарлығы жоқ. Көршісі шақар бес жасар Әбуден бастап, өз қатарына қарағанда соқталдай жігітке есептелетін, жейдесінің қалтасында үнемі айна мен тарақ жүретін Жарасқа дейін баршасы емін-еркін қолбалаша жұмсайды. Олар үшін бұл – қолжаулық, қуыршақ. Өзінен де бар: қасарыспайды. Лыпып қолды-аяққа тұрмайды. Үлкен айтсын, кіші айтсын – бәрібір. Басын «мақұл!» дегендей, бір шұлғиды да дедектеп жүгіре жөнеледі. Есептеспейді. Салғыласпайды. Оның ішкі жан дүниесіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Балалар көңілдері соқса Шайқым, әлденеге ренжіп, қабақтары шытылса, Тазша деп атайды.


– Тазша, бері кел!


Шайқым сөзді екі етпей жетіп келеді. – Тазша, біздің ала бұзауды суғар!


Шайқым дедектеп бұзауды бұлаққа айдап барады. Кейде бұзаудан айрылып та қалады, ондайда, сөз жоқ, таяқ жейді.


– Тазша, отын жар!


Шайқым сексеуілді тау қылып үйіп тастайды. Шөпшек тамызығын бір бөлек, томарын бір бөлек жинап, сенекке кіргізіп береді.


– Әйкөлімді әкеп берші! – Жеңімді түрші!


– Шашымды тара!


– Үйіңнен кәмпит әкел! ........................................................................................... Шайқым тіл қайтармайтын әдетімен жүгіре береді...


Міне, сол Шайқымның кеше әскерден, Киевтен Серібай ағасы келді. Дүрілдеп той болды. Шайқымның қуанғанын көрсеңіз! Сыптай, жып-жинақы киінген ағасы оған әбден ұнады. Бұл естіп отырды: ағасы әскерде полк командирінен талай рет алғыс алыпты. Серібай ауылдас жолдастарына әскердегі қызық хикаяларды бүге-шігесін қалдырмай, майын тамызып әңгімеледі. Бірде мергендіктен, нысана көздеуден жарыс болыпты. Серібай кішкентайынан аңшы еді. Аңға шықса, ауылдың айналасындағы тоғайдан құрығанда бір қоян алып қайтатын. Көз ұшына іліксе болды – құр жібермейді. Ертегідегі нағыз сұрмерген. Қойшы, ұзын сөздің қысқасы, сонда әлгі жарыста сол аңшылығының үлкен себі тиіпті. Жылжымалы қарауылдардың (ағаш нысаналар) бәрін құлатқан. Сосын жарыс аяқталғасын командир Серібайды саптың алдына шығарып:


– Қатардағы солдат Серібай Шәкіровке нысана көздеудегі аса үздік көрсеткіші үшін алғыс жариялаймын! – депті.


Шайқым ағасына ұқсағысы келді. Басына ағасының маң­дайында қызыл жұлдызшасы бар әдемі сұр шәпкесін киді. Беліне жалтыраған сары жез доғалы қоңыр былғары белбеуін байлады. Сөйтіп өзіне-өзі таңырқап айнаның алдына кеп тұрды. Аумаған кішкентай солдат. Тек үлкен шәпке төмен түсіп, көзін жабың­қырап тұр. Мейлі, оқасы жоқ. Той тарқап, ел аяғы саябырлағасын Шайқым биік қамыспен қоршалған ашық қой қораның ішінде қолына айырдың қайың сабын кеудесіне серт ұстап, кәдімгі солдаттарша дік-дік етіп әрі-бері жүрді.


– Оңға!


Оңға бұрылды.


– Солға!


Солға бұрылды.


Ол екі Шайқымға айналды. Бір Шайқым – командир де, екінші Шайқым – солдат. Командир Шайқым солдат Шайқымға саңқ-саңқ бұйрық береді, солдат Шайқым мүлтіксіз орындайды.


– Ана қарауылды көріп тұрсың ба? Ат!


– Құп, жолдас кәмәндір! Тра-та-та! Тра-та-та!


Шайқым аузымен оқ боратты. Уф, әйтеуір абырой болғанда, тигізді-ау. Жұдырықтай тасты алып, қораның қабырғасында тұрған жұқа тақтайға лақтырып кеп жіберді. Ура! Дөп тиді!


– Жолдас кәмәндір, бұйрығыңыз орындалды!


– Жарайсың, Шайқым Шәкіров. Алғыс жариялаймын. Ой, сен де Серібай ағаң сияқты құралайды көзге ататын сұрмерген екенсің. Үйіңе хат жазып жіберейінші. Әке-шешеңнің аты-жөні кім еді?


– Шәкір, Нәзипа. – Дұрыс.


Командир Шайқым қолына бір ұзынша жыңғыл таяқшаны алды да, құмның үстіне әлдене деп жаза бастады: «Құрметті Шәкір аға, Нәзипа апа! Шайқым секілді бала тәрбиелеп өсіргендеріңіз үшін сіздерге көп рақмет. Ол қазір жауынгерлік борышын үлгілі атқарып жүр. Тәртіпті. Міне, бүгін нысана көздеуден ерекше көзге түсті».


Осы сәттегі Шайқым – баяғы иі жұмсақ Шайқымға мүлде ұқсамайтын еді. Басқа, мүлде басқа дүниеге еніп тұрған болатын. Өзінің бойындағы бар-бар қуат-қайратын, жақсы қасиеттерін жаңа ғана сезінген тәрізді. Шексіз шаттанып, көңілі көктемде тасыған өзенше тасып-төгіліп, өз-өзінен күліп, ажарланып, әлдекім қолынан ұстап дедектетіп жетектеп ала жөнелгендей, ақ желкенін жел кернеп айдынға бет түзеген кеме сияқты жерді дік-дік басқан күйі қой қораның есігінен сыртқа қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Кеудесінде бір күміс қоңырау үнсіз сыңғырлап тұрғандай, қуанышы әлден уақытқа дейін басылмады. Алғаш рет біреулерге мақтанғысы келді. Өзіне мұндай ойдың қалай оқыс келе қалғанына бас қатырып жатпады.       х, шіркін, біреу-міреудің көзі түсер ме еді.


Күн тал түс. Шыжып тұр. Көлеңке қорғалаған жұрт тегіс үйде, ыстық қайтпай далаға шықпайды. Киіз үйдің іргесіне келіп еді, ашық керегеден іштегі ағасы мен әкесінің тәтті қорылы естілді. Ұйқтап жатыр. Біреуі бас көтерсе қайтеді? Осы ұйқыны шығарған кім екен? Ақтөс те іргеге тығылған сұйық көлеңкені қуалап, ерініп көзін бір ашып, бір жұмады, мұнысы мені мазалама, әурелеме дегені. Көше бетке шығып, кісі қарасын көрем бе деп, жан-жаққа зер салды. Қас қылғандай ешкім жоқ. Тым-тырыс. Ауада жыбыр-жыбыр мұнар ойнайды. Амал не, бала боп өмірінде жүрегі жарыла бір рет шаттанған екен, сол шаттығына ортақ болатын бір кісі кезікпеді-ау. Мұндай нәрсе күнде-күнде бола бермейді. Жұрт соны түсінбейді ғой. Тұйық көңілінен алқынып бұлақ ағып тұрғанын білсе ғой. Командир Шайқымның алғысы, әке-шешесіне жазған хаты – оның жұдырықтай жүрегін қатты-қатты лүп-лүп соқтырды. Екі езуі күлкіден, бақытты   күлкіден                   жиылмады.                        Көшеден     біреу-міреудің     көзіне     шалына қоймағанына сәл ренжісе де, қуанышы басылмай, өзіне-өзі әлде де ырза қалыпта: «Жарайды, қайтем енді...» – деп үйіне қарай бұрыла бергені сол еді, екі иығын жұлып жеп, аяғындағы көк сандалды әуелете допша лақтырып, жолды бұрқ-бұрқ шаңдатып, сосын қайта киіп, қайта лақтырып келе жатқан әйгілі тентекті – Ахметті көзі шалды. Қап, жөні түзу бір адамның жолықпағанын, қарашы! Ахмет бұл үркердей ауылдағы бар баланың атаманы. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Өзінен кішілерге оның әмірі олай да, бұлай да жүреді. Үлкендердің өзін бет бақтырмайды. Шамасы келмесе мазақтап қаша жөнеледі. Балалардың ауыздарынан:


– Ахмет асығымды тартып алды. – Ахмет ұрып жіберді.


– Ахмет жылатты... – деген сөзді жиі естисің.


Шайқымның мына бақытты мезетіне сол Ахметтің келе қалғаны... Қырсық деген осы. Мейлі, бақытты кісіге тентектің жұдырығы онша қорқыныш емес.


Ахмет келе әй жоқ, шәй жоқ бұйыра, өктем сөйледі.


– Тазша, сонша неге мәз боп тұрсың? Ағаң келіп, құдайың берді ме? Әкел ана белдікті! Сен беліңе, шірік арқан байлап алсаң да болады. Бұл саған жараспайды.


– Неге жараспайды? Мен – солдатпын...


– Не? Тіл шығыпты өзіне. Солдатпын дейді. Солдаттан садаға. Бол, әкел! Ахметтің Шайқымның қоңыр былғары белдікті белінен дереу шешіп,


«мінекиіңіз» деп қолына ұстататынына еш күмәні жоқ еді. Содан болар онша мазасызданбады. Себебі Ахметті жұрттың бәрі біледі. Бірақ... Бірақ Шайқым жуық арада айтқанын орындай қоймады. Орындамақ түгілі, ниет қылып орнынан қозғалмады да, қолын белдігіне де апармады. Әлдебір ойға қазық тірегендей, шәпкесін шекелете киген қалпы міз бақпай тұрды да қойды. Әлгіндегі қуанышы үркіп, кеудесіне барып тығылды.


Ахмет шыдамады. Осы уақытқа дейін сөзінің аяқасты болғанын бірінші рет көруі. Неткен сұмдық! Мұны өзге балалар білсе, тіпті масқара-ау. «Тазша айтқанын істемепті». Одан өткен қорлық бар ма. Осылай ойлауы мұң екен, қатты кетті.


– Әй, кімге айтып тұрмын мен?! Кереңсің бе, әкел ана белдікті!


Шайқым бәрібір белдікті шешіп беретін ыңғай білдірмеді. Ахмет мысық табандап көзінен ызғар шашып, жанына тақады. Даусын бұрынғыдан да зорайтты.


– Әй, саған бір нәрсе көрінген бе?!


Иә, Шайқымға бір нәрсе көрінген еді, ол сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзі өз болғалы алғаш рет тістеніп, оң қолын ширыға оқыс көтерді де, Ахметтің бүйрек бетінен шапалақпен тартып кеп жіберді. Бұл шапалақта оның баяғыдан Ахметтен көрген бар-бар зәбір-запасының есесі бар еді. Соның бәрі жиналып бір шапа­лақтың қуаты, тегеуріні болып шықты. Ахмет мұндайлық істі әлбетте күтпеген-ді. Көзінің оты жарқ етті. Апалақтап не қыла­рын білмей қалды. Мұнысы құйғып шауып келе жатқан аттың аяқ астынан бір шұқанаққа сүрініп жығылғанындай еді. Не істеу керек? Күнде теке тіресіп, төбелесіп, қырық пышақ болып жүрген балалардың бірі болса, бір сәрі, ә десе, мә деп, жағаласа кетер еді, сөз жоқ. Бірақ Шайқымның жөні бөлек. Бұл бір түсінбейтін тылсым нәрсе болды. Маңдайы тасқа соғылғандай. Ахметтің тілі күрмелді. Ұғынықсыз ашу-ызадан сол көзін алақанымен басып, шілденің ыссы күнінде қалшылдап, тұла бойында қан зыр-зыр жүгіріп, дәрменсіз күйге түсті. Шапалақты қойшы, әрине, жай тиді деуге де болмайды, бірақ бәрінен бұрын оны Шайқымның мына ісі таң қалдырды. Кеше ғана баяғы қойторы Шайқым еді-ау... Кеше ғана басынан шертіп тұрып жүз тықымай алған. Кеше ғана мұны ырсылдап дүкеннен мектепке дейін арқалаған. Кеше ғана... Енді бұдан былай соның бірі де қайталанбай, көзінен бұл-бұл ұша ма! Тәтті күндері ащы естелікке айнала ма? Жо-жоқ, Шайқым бұлар ойлағандай жуас емес екен. Апасының «нанын тауып жей алмайды» дейтіні де бекершілік. Тек баяғыдан бері батылдығын, батырлығын көрсететін мезгілін күтіп жүрген екен ғой. Сол мезет Ахметке тап келуін...


Шайқым болса бар көңіл күйін, ашу-ызасын, көкірегіндегі қыжылын бір-ақ шапалақпен айтып, одан өзге ештеңе ләм-мим деместен артына бұрылды да аяғын дік-дік басып қораға қарай жүріп кетті. Әудем жерге барып, оң қолын шекесіне қойып, қалт тұрды.


Командир Шайқым:


– Бұйрық орындалды ма? – деп сұрады. Солдат Шайқым:


– Орындалды! – деді даусы саңқ етіп.


– Жарайсың, қатардағы солдат Шәкіров!


Мана қашып, кішкентай кеудесіне барып тығылған шаттығы гүл-гүл құлпырып, бетіне қайта тепті. Езуінде күлкі ойнады.


Ахмет әлденеге түсінбегендей көшеде, сол баяғы орнында сұқ саусағын аузына салып тістелеп, аңтарылған күйі тұр еді әлі...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу