Өлеңдер ✍️

  01.12.2022
  400


Автор: Амантай Әбдіқанұлы

Туған жерді сүйсең сен...

 




Басыңа мамығыңды жастап жатып,
Мақтама тау-тасыңды аспандатып.
Марсима туған жерді сүйемін деп,
Туған жер сені сүйсе асқан бақыт!

Алаңсыз құшағыңда балаң деме,
Анаң болса болмайсың алаң неге?
Төбеңді тік көтерем төбеме де,
Төтенше төмпешік боп қалам деме.

Жақсы ғой туған жерге ән арнаған,
Талай ер ан-күй тұрмақ жан арнаған.
Бөбекше тербетпесін, соқтырсын де
Қас қылар қасқырларын сонар далаң.

Бола көрме қылжақбас қызба неме,
Құшағыңда құмармын қызға деме.
Қырмызы қызыл гүлін таптауға емес,
Ашылауға келеді тұзға келе.

Атан болсаң артыңда жүк қала ма?
Аунамасаң ат құрлы түк қала ма?
Ерлік толы ел мен жер тарихына
Ершікештеу бабаңды тықпалама.

Мен үшін әрбір тасың — Алтын деме,
Аңсарың алтын болса, халқым деме.
Бұтасын отын деме, отына күй,
Жүрекке тамызық боп жансын дене!

— Амантай Әбдіқанұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу