Эсселер ✍️

  11.11.2022
  453


Автор: Тәуелсіздік күні

Тәуелсіз Қазақстан — 31 жыл

Міне биыл Тәуелсіз елімізге, азаттығымызға 31 жыл болыпты. 31 жылдығын тойлап отқан қазақ елінің басына осы уақытқа дейін не келіп, не кетпеді десеңізші. Тәуелсіздік бізге оңай келмегені айтпақ та белгілі дүние. Азаттық алу жолында көптеген қан төгіліп, небір боздақтар ата-анасын, туған-туыс бауырларын жылатып кетті емес пе?! Соның бәрі не үшін дейсіз, осы Тәуелсіздікті алу үшін емес пе, «Қазақ елін тек қана қазақтан шыққан басшы басқару керек!» деген ұраны бар кешегі Желтоқсаншы жастардың ерліктері емес пе?! Біздерге осы Тәуелсіздіктің ақ таңын сыйлап, әрбір күннің жанға жайлы мақпалын сезіндіріп отырған. Елім деп соққан, жерім деп соққан жас жүректің лүпілдері бар бұл Тәуелсіздіктің ауасында терең тыныстап жүрген. Өздері өмірде болмаса да қазағым деп өмірден өткен батыл жүректі, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты қазақ жастарының қаны мен жаны бар. Сол жастардың арқасында міне біздер тәуелсіздіктің ақ таңында әндетіп, жырлатып жүрген жоқпыз ба?! Біз бақытты ұрпақпыз, біз жай ғана бақытты емес, өте бақытты ұрпақпыз. Өйткені осы күнді армандап өткен талай қазақ зиялы қауымдары жазықсыз жазаланып, өмірден армандап өтті емес пе?! Ия, біздің заманымыз «қой үстіндегі бозторғай жұмыртқалаған» заман екені сөзсіз. Бірақ біз осы күнге қол жеткізе тұра неге өмірді жақсы сүрмеске?! Бір-бірімізге деген сыйластық пен бірлікті сақтап, өзара ынтымақ пен бауырмалдылықты арттырып бақытты ғұмыр кешуімізге қандай кедергі бар?! Неге біз ұрыс шығаруға, талас-тартысқа дайын тұрамыз?! Елімізде неге зорлық-зомбылық көбейді? Неге қарттарымыз қарттар үйінде?! Неге кішкене сәбилер жетімдер үйінде?! Неге деген сұрақтар көп, бірақ жауап жоқ. Бәрін заман кінәлі деп жылы жауып қоямыз-ау... Заман кінәлі ма, адам кінәлі ма?! Бұл әрине тақырыбы бөлек өзекті мәселе. Бірақ осы мәселелер оң шешімін табатын болса бақытты күндер біздің елден алыстамасы анық емес пе?! Бұл әрине әрбір отбасының, әрбір адамның сана-сезімі мен ойына байланысты мәселе болмақ. Қандай мәселе болмасын ел болып шеше алсақ ол біздің басты құндылығымыз екені сөзсіз.
16 шы желтоқсан Тәуелсіздік күні, әр жыл сайын аталып өтілетін бұл күн ерекше күн болып табылады. Бұл күні түрлі іс-шаралар өткізіліп сонау өмірден өткен Желтоқсан жастарын еске алып, оларға тағзым етіледі. Тәуелсіздік алған жылдан бергі уақытты алып қарасақ айырмашылығы жер мен көктей екенін байқаймыз. Елтаңбамыз, Ту, Әнұранымыз қабылданып, президентіміз сайланды. Елдің орталығынан жаңа Астана бас қаламыз бой көтеріп, көркіменен бүкіл әлемді таң қалдырды. Сондай-ақ Қазақстанның әр қаласы да көріктеріне көрік қосып дами түсті. Солардың ішіндегі рухани астанамыз болып саналатын Түркістан қаласы жайлы айта аламыз. Қалаға облыс атын бергелі қаламыз толықтай түрленіп, көріктене түсті. Міне бұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы деп білемін.
31 жылдық Тәуелсіздіктің түндігін ашқан Қазақстан еліміздің 16— шы желтоқсан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бақытымыз артып, абыройымыз асқақтай берсін! Бүкіл әлем таң қалатындай еліміздің еңсесі биік, тұғыры берік болсын!


«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы










Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу