Өлеңдер ✍️

  19.10.2022
  236


Автор: Марғұлан Қуат

БІЗ ӘЛІ...

Талықсып ұйықтаған бір түсінде


Атасының алдына Азат келді,


-Өзің айтқан отыз жыл өтсе-дағы


Айтшы ата, бұл неткен ғажап?,- деді:


-Сен кеткелі ештеңе өзгермеді,


Өзің айтқан өсиет мазақ па еді?


"Жап-жаңа Қазақстан" өзгертер ме,


Маңдайынан соры аққан азапты елді?


 


Ұмтыламыз әлі күнге ғылымға емес сауыққа,


Қол соғамыз, сахнада боқтайтұғын "тауыққа".


Жәй ыңырсып ән айтқанды басымызға көтеріп,


Алқаштарды үлгі етеміз, ғаламтордан тауып та....


 


Асфальті жоқ, жарылғандай Арыстағы бомбамен


Біз әлі ата, қатынаймыз сонау соқпақ жолменен.


Қотыр жолға кей жағдайда такси көлік шақырсақ


Ұяламыз сол жол үшін бетті басып қолменен...


 


Бізде әлі ата маңызды емес екі жастың бақыты,


Құдалықта басты рөлде "сыйға тартқан жақұты".


"Аз берді" деп, "көп берді" деп налып, әлде мақтанар,


Үйлену бұл - құдаларда сауда-саттық уақыты...


 


Алыстасақ "қала" атты зәулім сарай әйнектен,


Байланыс жоқ, ал интернет ұлудан да жәй неткен?


Былай тұрсын ауыз су мен газ жылудың жоқтығы,


Біз әлі ата, бас жуамыз шәй ішетін шәйнекпен...


 


Бізде әлі ата, түсінбейді мәдениеттің маңызын,


Веб сериалды көрсең болды тілдері оның тағы ұзын.


Асабалар бұттан төмен әзіл айтып тойларда,


Писсуарға түкіреді еркек қауым сағызын...


 


Мемлекеттік қызметкерді есеп қып құл теңіне,


Іс-шарада мәжбүрлейді "еңбек ет" деп еліңе.


Бізде әлі ата, референдум атты халық сайлауын


Салыңдар деп қинап жатыр, әлеуметтік желіге.


 


Жағдай осы, ата бізде, еліңде әлі "сата бер",


-"Краштарың" көркейтсін,-деп маған енді бата бер.


"Қазақстан жаңасынан" егер пайда көрмесек,


Ұрпағыңнан үміт үзіп, мәңгі ұйқыда жата бер...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу