Өлеңдер ✍️

  19.10.2022
  207


Автор: Марғұлан Қуат

КЕЗЕКТЕ

Батихан тұр шұбатылған ұзын сонар кезекте,


Барлығы да алаңдаулы, батыл емес безөкпе.


Асықпайды алға қарай кезек күткен пенделер


Әншейінде "алдыңда мен" деп ұрысар десек те.


 


Бәрінің де бар ойында "Қашан бітер бұл қайғы?"


"Кім соңғы" деп соңыңнан кеп тағы біреу тұрмайды.


Аяқ-асты пайда болып "кірем-шығам" дейтіндер


Ең алдына өткізсе де тіпті мойын бұрмайды.


 


"Білмеппіз",- деп: "құн-қадірін болған алтын қолдағы


Болса ғой",- деп: "бұдан гөрі кезек жақсы ЦОН-дағы"


Іштерінен мазасыздық жегідей жеп әрқайсын,


Еске түсті әрекеті өткен өмір жолдағы.


 


Кім біледі, мына кезек молдаларға ұнай ма?


Пенделікке салынғандар қатты өкініп жылай ма?


Ешкім алға асықпайтын, ұрыспайтын бұл кезек -


Есеп берер сәт жеткенде, жаратушы Құдайға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу