Өлеңдер ✍️

  11.10.2022
  174


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Өлеңім, серігімсің сыр аштырар

Өлеңім, серігімсің сыр аштырар,
Толқығанда өзіңсің қыр астырар.


Мықты өлең дүмпумен сілкігенде,
Жабық жатқан қазанды бір аштырар.


Болар бала бесікте бұлқынады,
Өсе келе жан-жағын сұрастырар.


Абайдай ұлы ақын жырлағанда,


Сөз маржанын кетіксіз құрастырар.
Төкпе ақын қиялымен бейнелесе,


Біз көрмеген ерекше түр аштырар.


Сүбелі сұлу сөзді салмақ көрем,


Сайқалдардың жағым сөзін жалбақ дер ем.


Қазақтың қанға біткен қара өлеңін
Бұрым шаштай сипалап, талдап өрем.


Біреулер қара сөзге күйе жақса,
Жылқыша жылтыратып жалдап берем!


Қиналғанда қайрат беріп көрінгенсің,


Құшағыма қан қызумен берілгенсің,


Еңкейсем, бас көтертер емімдесің,
Өлеңім, өн бойыма өрілгенсің.
Көкейдегі көк теректей көгімдесің,
Жүрегімнің жарып шыққан төріндесің,
Өлеңмен тамшы терем, өрнек өрем,
Өз тінім тікпей жатып сөгілгесін.
Өлеңді мен жазамын қолым саудай,
Нүктесін қойып кетем дау соңында-ай.
Таласып тағдырыммен тергеннен соң,
Өлеңім ойлы-қырлы тау жолындай.
Жыр – теңіз, тұншығам деп қорқасың ба,
Шалқып жүзем толқынның ортасында.
Өлеңнің балын таттым, сүтін емдім,


Ішіп келем удай ащы сорпасын да.
Жаралы ғып аузыма
Алла жыр құйыпты,
Бағындырам деп келемін бір биікті.
Жоқтан барды жасадым тәуекел деп,


Халқым мұңлы жырымды шын сүйіпті.


Бұл өлең арқан тектес қолдан ескен,


Біреулер сөз маржанын жолдан кескен.
Жеті түнде шабыт кеп арқан ескен,
Кетпейді тәуір шықса мына естен,


Сұйық сөз сыр береді сүйрегенде,


Біздікі үзілмейді түйе жексең.


Шабыт деген сөз маржаны ойға толған,
Шабытты шақыра алмас тойда қолдан.


Сайрағандар ожауын да ұстай алмас,
Шабытты сапырады бойға қонған.
Өлеңді өктемдікпен шығармаймын,
Көкейдегі күмбір ойды тыға алмаймын.


Ашылсам, қанар қаптай ақтарылам,


Билікке де басымды бұға алмаймын.
Кенеттен кеселіне кездеспесем,
Тағдырдың тепкісінен құламаймын.
Несібемді нанумен күтудемін,
Пешенеме жазбағанды сұрамаймын.
Күмбірлеген көңілім кептеліп тұр,
Кемел ойым ұялымен шектеліп тұр.
Шектегенді көңілім жек көріп тұр,
Неге маған жаратқаным шек беріп тұр?


Септеліп тұр, ойда жыр беттеліп тұр.


Қазіргі көп әуенді әлсіз деймін,


Сөздерінің татымы аз, дәмсіз деймін,
Жырым бал, жағары жоқ нансыз жеймін.
Өлеңім шыға берсін әнсіз мейлің,


Айтылған сөз атылған оққа теңеу,


Бәрібір нысанамды дәл көздеймін.
Жауындай сіркіреген көркем жырым,
Шөлдеген жыр кеудеге жатталады.
Өлең деп сарқып төккен шылқып терім,


Халқымның қолдауымен ақталады.
Найзағайдай жарқ етсем күңіреніп,
Жұртымның жүрегінде сақталады.


Қысқа шумақ өткінші нөсердей боп
Бас құраса, көл болып мақтанады.
Көліме құшақ жайып аққу қонса,


Бейкүнә басыма кеп бақ қонады.
Тасты да жарар тас еңбек,
Шабытым кетті бәсеңдеп.
Өкінетін кезім бар,


Мынау менің қатем деп.
Жыр жолында сәбимін,


Қатпай ма өсе жас еңбек.


Ұйқымнан таңғы оятса,


Барынша жазам әсерлеп.
Төгіп-төгіп тастаймын,


Отыра алмаймын әсемдеп.
Көңілімді бүлдіршіндей жас етейін,


Бойыма бұйырғанды ас етейін.


Қара өлеңнің талғамайын әшекейін,


Бұйырғанын бардай ғып әкелейін.
Жүрегімнің зары бар, шүкір, жоқтауы жоқ,


Алланың жазғыруы аз, жақтауы көп.


Құным менен мұңымды жарып айтар,


Сарқыраған өлеңнің тоқтауы жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу