Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  89


Автор: Нұржан Наушабаев

ТАҚПАҚ

Хұрметлу зайғы ғұмырдан
Ұйқыда көрген түс артық.
Тар жерде, тайғақ кешуде
Ерлердің қылған күші артық.
Қу қанжыға жүйріктің
Топырыштан несі артық?!
Көктемесе жаңбыр боп
Қайырсыз жаздан қыс артық.
Тобылғылы шұбардан
Панасыз таудың несі артық.
Қадір білмес туғаннан
Құныңды білген дос артық.
Дүниеге қарау қылмайтын
Қартайған шалдан жас артық.
Ауру үшін жан қиған
Туысы жақсы бас артық.
Білмей шалқып сөйлеуден
Сөйлемей тұру бес артық.
Білмегенге бағасын
Алтыннан да мыс артық.
Бұл опасыз дүниеде
Болмайды деуге осы артық.
Аталы болған жаманнан
Өзі болған тек артық.
Кейінге үлгі қалдырған
Шешендердің тілі артық.
Әрбір істің қалпына
Аңғырттықтан еп артық.
Шаппайтын алмас қылыштан
Қолдағы қамшың көп артық.
Суы ащы теңізден
Томар да болса көл артық.
Арық малдың етінен
Бір тостаған сөк артық.
Сайран етіп жүруге
Қараңғы түннен күн артық.
Қара озып кеткен шешен жоқ,
Өзімнен озып көп артық.
Шамалы жерге талықпан,
Салсаң да ауыр жүк артық.
Мағынасын біліп түсінген
Сөйлейді демес неге артық.
Таразы махшар күнінде
Алла білер, кім артық.
Күні суық зымыстан
Қаһарлы қыстан жаз артық.
Көз жұмып күш еткеннен
Базына қылған наз артық.
Шаң көрсетпес жүйрік жоқ,
Қара озып кеткен, оза артық.
Он ұл туса біреуден,
Бірінен бірі жүз артық.
Бағасынша өзінің
Қалайыдан жез артық.
Ойға салсаң, Нұржанның
Көп ақыннан сөзі артық.
Бейғамал жеңіл көңілден
Сабыр еткен ой артық.
Кішілік жоқ ақылға
Керек емес бой артық.
Әр құралың сай болсын,
Шамаң келсе, жи артық.
Жаныңа жаны қосылған
Досқа болмас сый артық.
Жәуһарыңды мыс қылмай,
Сақтауға керек ми артық.
Тыңдашы, ей, даналар,
Бұл сөзімді біл артық.
Неше топқа салғанда
Мүдірмей кеткен тіл артық.
Жиренше сынды шешеннен
Осы күнде кім артық?
Қызыл гүлің солмай тұрып,
Ер жігітке тәуба артық.
Ғазиз жанын тілейді,
Хастеліктен сауды артық.
Хамма жерді ағылы қып,
Хақ жаратты тауды артық.
Қызығып қақпан басарсың,
Достан көрсең жауды артық.
Бейасылдан асыл артық,
Нәсілсізден нәсіл артық.
Дос көңілін жаралап,
Іс қылмайды асып артық.
Кір жұқтырмай бойына,
Сақтап жүрер басын артық.
Шұбар құнан көзденбес
Дәулет-баққа тасып артық.
Риямин жолын қуғанға
Кәміл ишан пір артық.
Хаққа мойынсұнғанға
Ықыласты болса бәрі артық.
Дүнияға мәшһүр болсаң да,
Өлген соң қалған тірі артық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу