Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  131


Автор: Нұржан Наушабаев

БІСІМІЛЛӘ, РАХМАН-РАХИМ!

Ал, Нұржан, қаламыңды қолыңа ұста,
Бұрынғы өткендердің бәрін таста.
Құныңды түсірерлік нұсқа қылып,
Бір тәмсал манзұматты енді баста.
Салауат һәм сананы айт Құдаға,
Әуре боп біраз уақыт жүрдік жаста.
Бек қошлы көңілді ашар іс болмаса,
Ләззатсыз мағына жоқ құрдан босқа.
Руым – Қыпшақ, тайпам – Құттық, таңбам – Әліп,
Өлеңді бала жастан еттім қалып.
Фарсы, араб – лұғатпен келтірер ем,
Ғалымдық дариясынан ішсем қанып.
Көңілге келген істі ұқсатайын,
Жоқ алтынды қазайын қайдан тауып?!
Не ғажап кейбір дәулет насқа бітер,
Рақымсыз жібімейтін тасқа бітер.
Ішіп, киіп, не беріп қызық көрмей,
Кең дүниені тар қылып, босқа кетер.
Ақылда жастық пенен кәрілік жоқ,
Ақылдыдан абырой арылу жоқ.
Ақылсыз атың шықпас ажарлаумен,
Алтын шам май құймасаң жарығы жоқ.
Іс бітпейді бос айқай, мақтанменен,
Көже болмас суға май қатқанменен.
Құралсыз ешбір нәрсе жөнге келмес,
Тимейді оқсыз мылтық атқанменен.
Ат басы мен ер басы не көрмейді,
Қатын үйде, ер жігіт түзде өлмейді.
Болаттай болған іске еш қайыспа,
Тағдырда жазылулы іс өзгермейді.
Домбыра күйге келмес бұрамаса,
Кім білер кімнің жайын сұрамаса.
Ер жігіт мал тапқанмен не болады,
Жұбайы бір жағынан құрамаса.
Қайнатқан асыл болат тастан шығар,
Ақылды жүйрік шешен жастан шығар.
Аңдап бас бұл фәниде аяғыңды,
Дұшпанның қауіптісі достан шығар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу