Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  194


Автор: Нұржан Наушабаев

БІРІНШІ НАЗЫМ

Жаһилдер ғалым сөзін тыңдамаған,
Шарғиға мықтап белін байламаған.
Хайуандар есебінде көрінеді
Асылына назар салып аңдамаған.
Құр сипат көрінумен неге жарар,
Тотыда не қасиет сайрамаған?!
Бұлбұлдар фаруаз етіп сайрар күнде,
Шығарар қапаларын бар көңілде.
Әрқайсысының қадірі өзіне артық,
Дуадақ – шөлде, аққу-қаздар – көлде.
Пендеге пенде қылма жүз салдырып,
Телміртпе бір жаманға көз салдырып.
Махрұм ете көрме, Раббым қадыр,
Рахмет қазинаңнан құр қалдырып.
Кірлетпей абыройымды, тілеймін көп,
Дүниенің фітнәсіне шырмалдырып.
Жад етіп бір уақытта жазам ғазал,
Дертімді іште жатқан қозғалдырып.
Әркімдер оқып ғибрат алмақ үшін
Кетемін жүрген жерге сөз қалдырып.
Ер жігіт жалтақтамас жоқ болса да,
Сескенбес жанып тұрған шоқ болса да.
Ажалсыз жан шықпас деп қарсы шабар,
Жасалған зеңбіректе оқ болса да.
Еш іске уақыт жетсе ие болмас,
Қаншама пысықсынған сақ болса да.
Біреудің көңілі зор, қолы қысқа,
Жіберер қыран құсша көзді алысқа.
Орнына бар қаруын жұмсай алмай,
Біреулер шалдығып жүр жүрмей босқа.
Біреудің қолы ұзын, көңілі төмен,
Еш істі хабары жоқ білмегінен.
Шүкірана жоқ бәріне, қанағатсыз,
Итшілеп өтер күні өлмегеннен.
Адам көп дүниені жүрген былғап,
Біреуін кез келгенде біреуі алдап.
Азаппен өміріне біреулер жүр,
Құрыққа ұстай алмай сырық жалғап.
Жігітке мықты дәулет амандығы,
Қанағат барға етпесе надандығы.
Шарт жұмып екі көзін жүргенменен,
Көрінер қалайынша адамдығы?
Ісі жоқ өмірі зая өткенменен,
Табылар ислам түзік күткенменен.
Мінезі ақымақтардың сол сықылды,
Жүре ме божысыз ат жеккенменен?
Өзінің қалыбындай боп жарасар ма,
Жібекті шуда жіппен тіккенменен?
Дариядай кемімейді аққан бұлақ,
Бір күнде миллион шелек төккенменен.
Бергені бір Құдайдың нық болмаса,
Бола ма құр көбікше кепкенменен.
Боларын пенде білмес тасқан күні,
Талабы ілгерірек басқан күні.
Мұратқа қолмен істеп жетпес ешкім,
Болады бір Тәңірінің қосқан күні.
Самұрық қарға, тағанға етер қызмет
Басынан бақыт-дәулет қашқан күні.
Кім білер тұлпар жайын шаба алмаса,
Ер сарсаң іздеп мақсат таба алмаса.
Бұл күнде сөз өтірік, іс жаңылыс,
Дос достың қадірін біліп, баға алмаса.
Көңілің бір пенденің ойласа хош,
Дұшпан сөзі аяқсыз қалады бос.
«Күшің жетсе бір қос тік әр шаһарға»,
Деген нақыл «жауда да болсын бір дос».
Жан құрбан дос қалпында тұрған болса,
Аз үміт егер көңілін бұрған болса.
Шаһәрды шеттен келіп жау алмайды,
Айнала атырабында қорған болса.
Шайқалып, бір төгілмей кетпейді еш,
Ханадан асып егер толған болса.
Ақыл ауыс болғанда, ырыс – жұғыс,
Ырыс қашса, қоймайды болса туыс.
Дәулет, бақ жуған қолдың кірі секілді,
Дүниеде жоқ қозғалмай тұрған нық іс.
Дүниеде дәулет-баққа толғандар бар,
Уақытында еш мұңсыз болғандар бар.
Кетерінде көшпелі бұлт секілді,
Түсте көрген сықылды қалғандар бар.
Болмасын бақ көшпелі, ырыс күпті,
Қозғалмай сірә орны жоқ тұрған тіпті.
Келу алыс, кетуі қас-қабақтан,
Орнықпас жұмсасаң да қаншама епті.
Не ғажап, кейбір дәулет насқа бітер,
Рақымсыз жібімейтін тасқа бітер.
Ішіп, киіп, не беріп қызық көрмей,
Дүниеден тарлықпенен босқа кетер.
Бір тиынды иманынан жақын көріп,
Тұтамдап құйрығынан ұстап өтер.
Болса егер хакім жемқор, байлар сараң,
Ақса да рақым етпес көздең сораң.
Кейбіреу амалменен байыдым деп,
Етеді дәулет бітсе шұнаң-шұнаң.
Жоқ өтсе-ақ, ақымақтығын білгізеді,
Малым бар деп мастығын көргізеді.
Біреуге қонақасы берсе мәгәр,
Қолқаға бір орынды жүргізеді...
Ислам жолы түзелмес ыждахатсыз,
Болса да не мағына бар қанағатсыз.
Дүние-дүние деумен кейбіреулер,
Жүреді ғұмырында рахатсыз.
Барын жоқ деп қалтырап, құрығандай,
Еш уақыт айтпас сірә сөзін антсыз.
Жыртық шалбар, кір көйлек, битті көрпе,
Сонда да байлық ойлар қолын серпе.
Кетік шөміш, нан, көжесін ортаға алып,
Ас ішер бір табақтан үрпе-шүрпе.
Алты қойдың терісінен тон қылады,
Тұс-тұс қып тамақтарын мол қылады.
Үйіне біреу барса, мал қайда деп,
Айқайлап, ыңыранып, сөз қылады.
Етеді текке отырмай мақтаншылық,
Бармайды батыл іске, көңілі сынық.
Өзінде береке, асында тазалық жоқ,
Ырымдап жоқ нәрсені ұстар толық.
Болғанмен айырма көп сифалықта,
Тұрса екен өзгерілмей бір қалыпта.
Тілмен айтып, қолмен тізіп болар емес,
Жігіттің не гүлдері жүр қорлықта.
Мал айдап, босқа ере алмай біреулер жүр,
Осыған да шүкір етеміз көрген шақта.
Жүруде не мағына текке лағып,
Қадірің болып, тұрсаң халыққа жағып.
Хал-қадір тірлігіңді кемітпесең,
Хақ іске кетер пенде не мін тағып.
Түзік бол дұрыстықпен білгеніңше,
Жүріп қал жан аманда жүргеніңше.
Тағдырда жазған нәсіпті арттырмасаң,
Қалып бұзып епке салма өлгеніңше.
Қиын дүр сөз асылын түсінбектік,
Не болар құр көңілі қалған бектік?
Ырыздық һәр халінде күнәні ойлап,
Аллаға жылап, үйді тасқа тіктік.
Рахмет қазинаңнан болмаса егер,
Алар жоқ пендесінен титтей септік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу