Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  195


Автор: Ертай Ашықбаев

Айтыс

Қомсынбаңыз,
Жарай ма?
Кішкентаймыз біз әлі.
Айтыс десе,
алайда
Алақаным қызады.
Қол соғуға құмармын,
Отырамын қалғымай.
Тыңдамайтын шығармын
Сабақты да дәл бұлай.
Іркілмейді,
апырым-ай,
Апайлар мен ағайлар.
Әр шумақты мақұлдай
Тамсанады талайлар.
Қонбас өзі жүлде кеп,
Заңы мұның өзгерек.
Қанша тапқыр тіл керек,
О, қаншама сөз керек!
Алқынбайды ақпа жыр,
Алаң күшті енді елде:
Анықталар дәп қазір
Жеңілген де,
жеңген де.
Тер құйылды көзге кеп,
Ақын аға,
шаршама!
О, қаншама сөз керек,
Ұйқас керек қаншама!
Отырса да қай тұста,
Қарайды жұрт тамсана.
Жеңу үшін айтыста
Төзім керек қаншама.
Тілі — шоқтай,
сөзі — оттай,
Сескенеді кімнен ер?!
...Мектептегі озаттай —
Айтыстағы жүлдегер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу