Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  59


Автор: Ертай Ашықбаев

07.50

Қалғам жоқ еш шеттеп мен де,
Ілім іздеу — ізгі мұра:
Жетелейді мектептерге
Біздің қала бізді мына.
Алтын дән бе тасығаны —
Кілт тиылып таныс әні,
Біздің құстар асығады,
Бізбен, міне, жарысады.
Көктем лебі байқалады,
Өзгертер жер түсін әлі.
Біздің талдар шайқалады,
Бізге бүршік ұсынады.
Самал есті, жалықпайды,
Сергітеді. Тоңдырмайды.
Біздің бұлттар қалықтайды,
Бізге көктен қол бұлғайды.
Төбемізде Күн тұрады,
Сәулелері сарқылмайды.
Біздің көше құлпырады,
Біздің асфальт жалтылдайды.
Жолда көп-көп үй қалады,
Келеді еріп шуақ әлі:
Біздің сынып жиналады —
Біздің мектеп қуанады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу