Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  132


Автор: Ертай Ашықбаев

БАҒАЛАР ТУРАЛЫ ҚИЯЛ

Ұшқыр қиял ізделік,
Ал, айтайын,
балалар:
Келе жатыр бізге еріп,
Күнделікті бағалар.
Әр балаға соқтығып,
Ұшып-қонып,
секіріп,
Көп жүгіріп,
көп күліп,
Келе жатыр ЕКІЛІК.
Келе жатыр ҮШТІК те,
Желігуден шаршамай.
Бұдан мықты іс күтпе,
Ренжіді қанша ағай.
Нығыз қағып шегені,
Деп:
«Еркелік,
басынба!»
Әне,
БЕСТІК келеді,
ТӨРТТІКТЕР бар қасында.
Кірмек болып мектепке,
Келе жатыр бағалар.
«Біз —
мықтымыз!» — деп текке,
Мақтанбаңдар,
балалар.
Жиналыңдар шашылмай,
Ойларыңды байқайын.
Ешкімнен де жасырмай,
Қиялымды айтайын.
...«ЕКІЛІКТЕР кешікті», —
Деп кезекші жекіріп,
Жауып алса есікті,
Кетіп қалса ЕКІЛІК.
«Жұртты тыныш жүргізбей,
Көрсетеді күш тіпті», —
Деп есіктен кіргізбей,
Кері итерсе ҮШТІКТІ.
Тек БЕС пен ТӨРТ...
және біз —
Жүрсек әр күн...
әр айда...
...Ғажап —
қиял-дәмеміз,
Орындалмас, алайда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу