Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  114


Автор: Мыңбай Рәш

Қаралы Кавказ

Зарла, Кавказ шың-құздары,
Жыла, аспан жұлдыздары;
Қара жамыл, мұңды-зарлы
Азербайжан ұл-қыздары!
Сай сүйекті суыр, саздар,
Таңдай қақтыр, тебірен, танбур.
Аңырап ұш, аққу-қаздар,
Күрсініп, көк, құйыл, жаңбыр!
Пушкиннен айрылғанда
Төккен қайғы запыранын –
О, Сабухи, қайғы-зарға
Енді өзің батырғаның!
Жылдың суық ақпанында
Таң ұлының тынды демі!
Шырқау шақтың шатқалында
Қыран көздің нұры сөнді!
Сыпсың қағып, тарап сыбыс,
Күңірендірді көптің жанын,
Күн тұтылып, күйзел, Шығыс,
Өксі, Рәшид, Нисә ханым!
Қосағың ғой қоса ағарған,
Күңірен сен де, Түбу ханым.
Қайғыр, қария, қырау шалған
Карабахтың тітірент маңын.
Талай-талай жылдары еткен,
Тифлис, қоштас арыңменен!
Тар заманның сырын шерткен
Сахна!
Қоштас дарынменен!
Қойсын діндар шығармай-ақ
Фаталидің жаназасын.
Мұндай ұлға ұялмай-ақ
Айтар атар таң азасын!
Зерлі пагон иығында,
Полковник шеніндегі,
Көзінің ой қиығында,
Болашаққа сенімдегі.
Дүниеден қайтты азамат,
Берері мол еді әлі де.
Өршіл ойын айтты азамат,
Ие боп Шығыс беделіне!
Қажыдың ба «жұлдыздардан» –
Ұйықта, Кавказ Мольері,
Сен құтқармақ мұңды-зардан,
Тұр қоштасып ұрпақ, елің!
Өзі түгіл, Фаталидің
Табалаған табытын да,
Жетті әмірі Имам-бидің,
Қара пиғыл бағыты да:
– Тифлис жабық Фаталиге,
Жоқ зиратта оған орын.
Қарғыс оның өліміне,
Тамұқтан тек тартсын сорын!
Кәпірлермен істес болған
Қажеті жоқ диуананың!..
Сөздерінің бәрі жалған –
Жамандаған имам, ханын!..
– Аулақ!!! Мейлі, бұл кәпірді
Карабахқа кетсін алып.
Лепіре кеп көпірді,
Бас имамның көзі аларып.
Тірі тұрмақ, өлгенде де
Денесінен сескенгендер,
Қарғыс айта келгенде де
Дін жолымен сестенгендер;
Жемтікке кеп үймелеген,
Қиқу салған құзғындардай.
Күзетіпті түніменен
Зират жаққа ізін барлай.
* * *
Жөнелгенде Пушкин дарын
Көне Кавказ аймағына,
Салып қойып тыңшыларың,
Бекіп патша байламына:
– Неге айтпай, сол бір ақын
Рұхсатсыз кетеді? – деп,
Берген бұйрық сесті, салқын:
«Серуендеуі жетеді!» – деп...
...Қазбек құзын қызықтаған
Жауынгерлер арасында,
Жорғалаған қызып қалам,
Жұтып кәусар ауасын да.
Өрттей жалап қызғанышы,
Ақын даңқы лапылдатқан;
Сүмең қағып жортқан тыңшы,
Пиғылы арам мида қатқан.
Тіс жармады-ау газеттер де;
«Құлақтанып ел қояды» деп.
Пушкин келген мезеттерде
Патша абырой жояды деп.
Өлді ақын! Сап болды ізі,
Іші тарлар, қызғаныңдар!
Жабылды оның жарқын жүзі,
Жарыл, мейлі, сызданыңдар!
* * *
Беу, Лермонтов! Есіңде ме,
Күндер-ай бір сыр ақтарған!
Біздің жаққа келдің кеше
Сапарыңмен сұрақ қойған...
Мундир тұрмақ, ұқсас екен
Екеуміздің жанымыз да.
Екеуміз де болдық бекем
Айдай анық арымызға.
Сезген ем мен сонда ішіңнің
Қайнағанын қазандай боп,
Жырыңды оқып бек түсіндім,
Тұр-ау... үкім жазғандай боп!
Россияның ырысына –
Екеу едің туған ақын!
Қайырылып қауырсының,
Ұшып түсті бір қанатың!
* * *
Үш күн, үш түн Фаталидің
Ең ақырғы сапарына
Аза тұта келгендердің
Қалыңдады қатары да.
Діндарлардың түкке асқан жоқ
Шатағы мен егесі де.
Қастер тұтып ұштасқан қол –
Көтерді оны төбесіне!
...Тбилиси.
Гүлге оранған
Лесемидзе көшесінде,
Сом тұлға (сөнген арман)
Қарай-қарай өтесің де.
Сен де ауыр күрсінесің,
Бас иесің таң ұлына!
Жанын айқын түсінесің,
Тиіс емес жаңылуға.
Түн түскенде нұр бейнесін
Ақ саумал түн, аймалар Ай,
Жаңбыр жуып зор кеудесін,
Жалтыратар шар айнадай.
«Біз емес» деп алданғандар –
Жымың қағар жұлдыз біткен.
Қалғып кетер жота, жондар –
Жоғалғандай күні күткен.
Кімдер ұзақ жаққан шамын?
Кімдер неге мөлиеді?
Лапылдатқан ыстық қанын –
Әлде... шығыс Мольері!..
Сөз жоқ, сол ғой, от ауызды,
Орақ тісті таң ұлы екен.
Комедия жаңа қызды,
Жер жаһанға дабыл екен!
Тбилиси. Кербез күндіз.
Уа, Фатали, қарай қалшы!
Иер басын інің Чингиз,
Автограф бермек – алшы!
Қарайды ұзақ мазарыңа,
Сезеді іші тұрмасыңды,
Оқырмандар назарына
Ұсынады бір ғасырды.
Бір өзіңе бағышталған
Тұр әкеліп романын.
Жаңа әріппен нақышталған
Жан тынысын ұлы адамның!
...Жылдар ...Жылдар, күмбезіңе
Көздер неге бөгеледі?
Венок болып тұр өзіңе
Тбилиси төбелері!
Қиял
Кәне, самғап көрші, жүйрік қиялым,
Ерік берсем, сезем бәрі сиярын.
Тым құрмаса екі ғасыр арасын
Салғастырып, Фатали бір қарасын.
Сиқырыңмен тірілтші бір таң ұлын,
Азаттықтың көрмеді ғой дабылын!
Тұра келсе! Таң ұлы әсте өлмесе,
Жай ұйықтап кеткен болсын ол кеше.
Уа, шүйінші бер, адамзат, ендеше!
Өз перзентің тұр ертеңмен тілдесе!
Дүниеге мұндай адам келмесе,
Әлем болып тойлар ма еді ел кеше!
Тірі болса таң ұлы егер бұл күнде,
Былай үнін тастауы оның мүмкін бе:
– Қасиетті жерге әсте даруға
Хақысы жоқ! Жол бермеңдер қаруға!
Айтары хақ айбатты өз үкімін:
Тілеймін деп, келісім шарт бекуін.
Жан масайрап гүл жазира қонысқа,
Қарсы үкім тастар еді-ау соғысқа!
Тірі болса, ол түйрейтін қаһарман –
Соғысқұмар болып бүгін атанған!
Тірі болса, бар адамзат бірлігін –
Тілер еді-ау мәңгі достық, тірлігін!
О, таң ұлы, әттең, бүгін аралап,
Туған елің көрер ме едің саралап.
Бәрі өзгерген! Өзге бүгін Карадаг,
Жарқырата жақұт тағып бар алап.
Түні дағы күндізгідей жап-жарық,
Тас жол өтер бақ қаланы қақ жарып.
Қазарға еш жүрмес хұқы Құдайдың,
Халық – қожа, жатыр алып мұнайын.
Кеткен мәңгі қанау, алдау азабың,
Азан емес, жан тербетер ғажап үн.
Болды музей кешегі хан сарайы,
Жан тербетер жаңа әуен маңайы!
Тойлап сенің мүшелді үлкен тойыңды,
Салтанатты сарайда ойын қойылды.
О, таң ұлы, таңырқар ең қарасаң,
Туған өлкең – гүл жазира орасан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу