Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ораза, намаз, тоқтықта,
Құйрығын қысар жоқтықта.
Молдаға жағайын десең,
Азаның болсын.
Қазыға жағайын десең,
Қазаның болсын.
Аққа зауал жоқ.
Молда өзін бір алдайды,
Өзгені екі алдайды.
Аюға намаз үйреткен – таяқ,
Молдаға намаз үйреткен – тамақ.
Өлеңді жерде
Өгіз семіреді,
Өлімді жерде
Молда семіреді.
Аңқау елге — арамза молда.
Долыдан дәу-пері қашқан.
Қардан аппақ нәрсе жоқ,
Ұстасаң қолды тоңдырар.
Қазаннан қара нәрсе жоқ,
Ассаң қарын тойдырар.
Су сүреңін табады.
Қатты қыстан мал қалса — олжа,
Қатты аурудан жан қалса — олжа.
Жеріне қарай — жыланы,
Жауына қарай— құланы.
Балықшы суда жүрсе де
Сусап жүреді.
Алса — құсым,
Алмаса — желпуішім.
Ажалды киіктің
Аяғы тыныш жатпайды.
Құзғын ас таңдамайды.
Арыстанның ойнынан
Түлкінің мойны үзіледі.
Бақсы көрінсе, дерт қозады,
Ұста көрінсе, таға тозады.
Алпыс күн аспанға қарағанша,
Алты көште айдынға құла.
Құстың алғанынан,
Салғаны қызық.
Сұмырай келсе су құрыр.
Мысық жоқта тышқан төбеге шығады.
Жар құласа, жайын өледі.
Түлкі жатарында
Жер таңдамайды.