Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ас тұрған жерде ауру тұрмайды.
Тату үйдің тамағы тәтті.
Сыйлап берсе суын іш.
Жоқты бар десең – құт болар,
Барды жоқ десең – жұт болар.
Берген ас түске жетпейді,
Ниет естен кетпейді.
Атың барда – жер таны желіп жүріп,
Асың барда – ел таны беріп жүріп.
Дастарханның басында дұшпан да дос.
Таңғы асты тастама.
Ас адамның арқауы.
Нан астығын жинаймын,
Елге астық сыйлаймын.
Нан— тамақтың атасы,
Ынтымақ — көптің батасы.
Атқанның құсын,
Жатқан байланар.
Екі тұйғын жабылса қаздың соры.
Атамекен туған жер,
Кір-қоңыңды жуған жер.
Кіндігіңді кескен жер,
Кісі болып өскен жер.
Алпыс күн тасыған су,
Алты күнде қайтар.
Бөдененің үйі жоқ,
Қайда барса бытпылдақ.
Су аққан жерінен ағар,
Шөп шыққан жеріне шығар.
Қараша-қауыс,
Кәрі құртаңды тауыс.
Сәуір болмай, тәуір болмас,
Ит балалап сауын болмас.
Сәуірдегі жауын —
Сауып тұрған сауын.
Түз тағысы —
Табиғатпен тілдес.
Жеті қарақшыны таныған адам,
Жеті қараңғы түнде адаспайды.
Сәуір болмай жауын болмас,
Жауын болмай тәуір болмас.
Арқар —
Құлжасымен,
Өзен —
Жылғасымен.