Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ағайынға кәдірім жоқ,
Бетімді көреді,
Әйеліме кәдірім жоқ,
Етімді көреді.
Балалығыңды сағынсаң,
Нағашыңа бар.
Жігіттігіңді сағынсаң,
Қайныңа бар.
Төрге бұрын шыққан
Тілеген жеріне отырар.
Қалыңдығың сиықсыз болса,
Қайын енеңнің сұлулығынан не пайда?
Ағайын барыңда
Аузыңды жалайды,
Жоғыңда желкеңнен қарайды.
Бір күндік тойдың
Мың күндік өкпесі бар.
Соғымды сайлының — қазаны майлы.
«Арық» деген жаман тай,
Жазға ілінсе — ат болар.
Бастан бақ, қолдан мал кетсе,
Жаман жұрат жат болар.
Адассаң, руыңмен адас.
Жақында да, жақын бар,
Жақынға бергісіз жатың бар.
Қазанына қарай шөміші,
Ағашына қарай жемісі.
Төрдегі күлсе,
Есіктегі ыржияды.
Бірге тумақ бар да,
Бірге өлмек жоқ.
От басында ұйтқы болмаса,
Үй ішінде түрткі түлейді.
Қарызды берген батыр емес,
Алған батыр.
Берген қарыз — бедел өсіреді
Қайтқан қарыз — мерей өсіреді.
Бір көрген — біліс,
Екі көрген — таныс.
Көрші көршімен
Базарда көрісер.
Үйінде не барын,
Көршіңнен сұра.
Ауылдас,
Ауылдаспен қауымдас.
Сараңның етін сасыған соң
Сары күшік жейді.
Тату үйдің
Табағы салдырламайды.
Күбі де май,
Күбінің түбі де май.
Не еріншек өлер,
Не келіншек өлер.
Шайнаған бұйырған емес,
Жұтқан бұйырған.