Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.09.2022
156
ҚАЛСЫН ДЕП ЖАН ЖАДЫРАП...
Қалсын деп жан жадырап... көңіл өсіп,
Көрмеппін жырдың жібін жеңіл есіп.
Өлеңге тамсанғандар көп болғанмен,
Тап сендей сүйе алған жоқ өліп-өшіп.
Түсіндің әр сөзімді жан-тәніңмен,
Шалқыған тұстарым бар, тарта білген.
Жырыма жақын келіп жарық құйдың,
Құтты екен, айналайын қалқам, іргең.
Мен сенен сарқылмайтын қуат алдым,
Ақынды арсың-гүрсің ұнатар кім?
Дарияның жағасында жайқала түс,
Құлпырып солқылдаған құба талым!
Келіп тұр қоңырайған күз де, міне,
Қара деп өткен өмір іздеріңе.
Төбемнен жалғыз аққу сыңсып өтті,
Сыңарын жоқтап, байғұс, іздеді ме?..
Жұптасын қандай ауыр таба алмаған,
Бір сөнсе, қайта лаулап жанар ма арман?!
Іздейді-ау екі көзі төрт боп енді
Көлдерден,
Көлшіктерден,
Алаңдардан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇