Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  67


Автор: Танакөз Толқынқызы

КІНӘЛАУ

Биледің мені. Тәуелді қылдың.
Ұяттан мүлде өртенген
Жаным да саған тәуелді.
Алдыңда сенің қалтырап тұрар,
лыпасыз тырдай жалаңаш
Тәнім де саған тәуелді.
Ернімнің демін ашқарақтана
іштің сен сонда қысылмай
Түнектен қарпып ауладың.
Сыңсыған үнім тұншыға шықты.
Ұмтылып менің қос анарыма
Қарулы қолмен жауладың.
Аласұрдым мен. Жүрегім қақты
кеудеме сыймай дүрсілдеп
Алаңсыз оны тыңдадың.
Ұялшақтықтың қысылған үні. Ләззат!
– деп іштей күрсінбек
Білдің бе онда мұң барын?
Дәрменсіз күйді, ұят пен арды,
үрей мен әлсіздігімді
Еркек болған соң кешпедің.
Не айтып тұрмын!? Арсыздығымды,
ынтықтығымды масқара
Басынып, билеп төстедің.
Алдыңда тұрдым анадан жаңа
туғандай болып дәрменсіз
Басыма шейін белімнен.
Қарғадым сосын түнекті мынау
мәңгілік болсын деп іштей
Таң ата көрме! – дедім мен.
Ал сен ше? Сен бе, басқа жан жайлы
әңгіме айттың өзгемен
Ернімді менің сөз етпей.
Оларды тыңдап күле де білдің,
шаруаңды айттың көздеген.
Мен жайлы сырың далада қалды
келмей бір кеткен кезектей.
Түк болмағандай өмір сүрдің сен,
көрмеген мені кезіңдей
Жасыра білдің таң қылып.
Құдіретің жетіп, атымды менің
атамай кеттің қайталап
Ол мендік демей мәңгілік.
Жо-жо-жоқ! Мені тәуелді қылған
сағаттан бастап сол күнгі
Пендеге әрбір жердегі
Арамыздағы ашылмас сырды
айтпаған болсаң айқайлап
Сүймеген болдың сен мені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу