Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  278


Автор: Кәрім Жұмағалиев

СҰЛТАННЫҢ РУХЫНА

Бажам Сұлтанның жылында оқылған
жоқтау-жұбату өлең
Бажам едің сыйлайтын,
Жамандыққа қимайтын.
Сезімтал едің жасыңнан,
Заманның үнін тыңдайтын.
Әдетің бар еді, бауырыңа,
Туыстың бәрін жинайтын.
Жүрісің менен тұрысың,
Ел-жұртыңа ұнайтын.
Халқың үшін шырылдап,
Жұмыста ешбір тынбайтын.
Достарың көп еді өмірде,
Дұшпаның жоқ еді сынайтын.
Қаймана қазақ қиналса,
Ақылды Сенен сұрайтын.
Жарқылдап өттің өмірден,
Асылым едің сынбайтын.
Сыйласып жүрдік өмірде,
Кір келтірмей көңілге.
Жайдарлы ашық көңілмен,
Отырушы едің төрімде.
Егіз боп туған қозыдай,
Жұбымыз еш бір жазылмай.
Жүрген кез еске түседі,
Елес боп өткен сағымдай,
Өмірден өттің Сұлтаным,
Жарқ етіп өшкен жалындай.
Өзіңмен жүрген күндерді,
Тұрамын қалай сағынбай
Жүргендей боласың жанымда,
Қаламын бір ақ таба алмай.
Қызметті адал атқардың,
Ұстазы болдың жастардың.
Ұлы болдың халқыңның,
Қамын ойлап басқаның.
Министр болып, содан соң,
Партияны да басқардың.
Жұлдыздай болып ақтың да,
Қара жерге барып жаттың да,
Білмеймін әлде ол жақтан,
Нұрланыңды іздеп таптың ба? 
Тілешің де кеше кетіпті,
Сені іздеп тағы асыға,
Жатам деп барып қасыңа.
Қарлығашпенен Құралай,
Қамыққан көңілді қинамай,
Сағия, Сара, Сания,
Берік болыңдар жыламай
Өлеңмен жоқтау айтайын,
Қайғының бетін тырнамай.
Еске алған кезде өзіңді,
Қобалжып кетем шыдамай.
Мара жарың артыңда,
Балалар немере қасында.
Жылыңа арнап әдейі,
Ас беріп жатыр халқыңа.
Жылыңа ел-жұрт жиналды,
Еске алып Сені қимайды.
Өмір деген өткінші,
Бір қалпында тұрмайды.
Жолдастар, достар жұмыстас,
Ешқашан Сені ұмытпас
Мара да Сені ардақтап
Басыңа қойды Құлпытас,
Қабырыңа барсам тас мүсін,
Жаның жоқ, бірақ бар пішін.
Тесіліп маған қарайтын,
Суретің Сенің жас түсің.
Аяулы бажам Сұлтаным,
Қыраны едің қырқаның
Аман сау жүрсін өмірде,
Артыңда қалған ұрпағың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу