Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  273


Автор: Кәрім Жұмағалиев

ӨТІП БІР КЕТКЕН КҮНДЕР - АЙ

Әні мен өлеңі Кәрім Жұмағалиевтікі
Асық ойнап азған, доп ойнап тозған, балалық болған күндер-ай,
Балалық шағың, балауса балғын, секілді көктем гүлдер-ай.
Жастық шақ кезде, көрінген көзге, қыздардың бәрі Күн мен Ай,
Жалындап жаның, таситын қаның, бозбала бойдақ күндер-ай.
….Өтіп бір кеткен күндер-ай.
Жадырап жайнап, еркелеп ойнап, шаттықпен өткен күндер-ай,
Ғашықтар сырын, махаббат жырын, жеткізген жүрек үндер-ай.
Тағатсыз күткен, ұйықтамай өткен, келмеске кеткен түндер-ай,
Жиырма бес толған, қыздарға арман, жігіттік Сұлтан күндер-ай
….Өтіп бір кеткен күндер-ай.
Абыройың асып, дәулетің тасып, жүретін шалқып күндер-ай,
Той-думан қызық, преферанс сызып, жататын шіркін түндер-ай.
Қыз-қырқын жиын, еске алу бүгін, түсіңе тіпті кірмейді-ай,
Отыз бен қырық, сайран сап жүріп, өтіп бір кеткен күндер-ай,
….Келмеске кеткен күндер-ай
Елуге келген, жан-жақты білген, жақсы өмір сүрген күндер-ай,
Мамыражай заман, молшылық болған ырысың толған дәурен-ай.
Ойыңда жоқта, дегендей тоқта, алпыс жас жетіп келгені-ай,
Зейнетке жеткен, нарыққа өткен, қызығы кеткен күндер-ай,
Бағасы өскен, нарыққа көшкен, қызығы өшкен күндер-ай.
….Опасыз жалған күндер-ай
Әннің үшінші жолы домбырада көтеріңкі ерекше жігермен
орындалып, төртінші жолына әнші домбыраға қосылып:
Жастықтың көркін, еске алдым еркін, өтіп бір кеткен күндерді-ай
Өткеннің бәрін, еске алған Кәрім, келмеске кеткен күндерді-ай.
…Өтіп бір кеткен күндер-ай…
…Келмеске кеткен күндер-ай…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу