Өлеңдер ✍️
Айналайын, шуу асау құлындарым!
Айналайын, шуу асау құлындарым!
Өздеріңсің шырқайтын жырым да әнім.
Осы өлеңді арнаймын өздеріңе,
Жеткізсін деп өмірдің шырын дәмін.
Айналайын, монтиған қозыларым!
Өздеріңсің жайнаған көзім-әрім.
Өздеріңе арнаймын осы өлеңді
Мағынасы жаңғырған, сөзі мәлім.
Айналайын, тайпалған боталарым!
Бір өздерің қанымда опалы ағын.
Өздеріңе сыйлаймын менде барды
Жанымның жан түкпірін қопарамын.
Айналайын, бүр жарған өскіндерім,
Бір өздерің – демалыс, бос күндерім.
Сендер маған сәбилік мінез дарыт,
Өздеріңе арнаймын достың лебін.
Күтуде екен сендерді қандай бақыт?!
Маңдай бақыт емес тек таңдайға құт.
Тәтті бақыт ащы боп тарқамайды,
Қанжығаға бөктеріп сан байлатып.
Асу бермес алда зор Алатау бар,
Өз соқпағын кім болсын дара таңдар.
Бұғанасы қатпаған балаларым –
Қауырсыны қатпаған балапандар.
Жер айналып тұрғанда қозғалудан,
Көрерсіңдер,
Не көрсең өз бағыңнан.
Әке-шешең жүргені үміттеніп,
Дәметіп жоғары қол созғаныңнан
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇