Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  174


Автор: Толқын Қабылша

СОЛ СЕЗІМНІҢ ЖҮРЕКТЕ ЕДІ АҢСАРЫ

Көктем де емес, жаз да емес,
Ұқпадым,
Жаңбыр жауды, жаумағанды көптен бір.
Ірки алмай, жанарымның шықтарын,
Көк бұлттарға қарай бердім көк сеңгір.
Жаңбыр жауды,
Бір сағыныш жеткендей,
Тамшысында діріл қағып сан үміт,
Сол тамшылар өн бойымнан өткендей,
Мөлдіреген мұңға тұрдым малынып.
Жауып жатыр,
ауғандай бар құштары,
Тауды сүйіп, тасты құшып, тынымсыз.
Сағыныштан қалғым келмей тысқары,
Су астында тұра бердім мен үнсіз.
Қолшатыр ма?
Керегі жоқ, сенсеңіз,
Тәнім емес, жаным еді жаураған.
Көздерім бе?
сағыныш қой көрсеңіз,
Көк аспаннан жаңбыр болып жаумаған.
Көк аспаннан
жаңбыр болып жаумаған,
Сол сезімнің жүректе еді аңсары.
Жаңбырдағы іңкәрліктен аумаған,
Тәтті елесті,
Келе берді тамсағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу