Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  192


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

МЕН ТУҒАН ЖЕР – ЖАҒАСЫ «ҚАРҒЫБАНЫҢ»

Мен туған жер – жағасы «Қарғыбаның»,
Тасығанда «Қарғыба» – жар жығатын!
Аласа үйдің алдында бір бәйтерек,
Бәйтерекке салатын қарға ұясын...
Өзен іші сыңсыған қызыл шілік,
Қызыл шілік ішінен ит-құс ұлып,
«Айт!» дейтұғын ауылда еркек жоғын,
Тағы екеш – тағы да жатқа біліп,
Азаматы майданда... майда-шүйде,
Шал-шауқанды санатқа қоспай мүлде.
Түнде көзі шоқтанып ауыл торып,
Тоқты лақты тықсаң да ауыз үйге,
Ашық қалса... арқалап ала қашып,
Түн қойнына кететін араласып.
Көрші үйдегі Оралдың көк төбеті,
Көріп қалса, жататын жағаласып.
Бір күн киіп басына қарсақ тымақ,
Бір күн киіп малақай мысық құлақ.
Шапанының етегі далбаң қағып,
Шабатұғын шүйінші күнде сұрап,
Сәдуақас атамыз атқа мінер,
Шала-шарпы жалғыз сол – хат та білер,
«Мәскеуден «пәшіс» қашып кетіпті», – деп,
Танаурайды астында қасқа күрең...
Сүттей ұйып сөзіне тыңдайды көп,
«А,Құдай! Рас па?», – деп, шулайды үдеп.
Енді бірде жетеді аудан жақтан,
«Ойбай, әлгі Китлер жынданды!», – деп.
Мен де теріс көрмеймін жынданғанын...
Фашистің де көсемі білгем барын.
Қарақағаз келуін доғармады,
Қараша үйлер қоймады тұлданғанын!
Сонан соң, тал ат мініп сырласуға,
Барғамын Сары-Амантай құрдасыма.
«Фашист деген кәдімгі қасқыр!», – деді,
Кім білсін, әлде өтірік, расы ма!..
Қызарып ұясына күн кіреді,
Даланы түн жабады тұнжыр өңді.
Тағы да «Қарғыбадан» қасқыр ұлып,
Тағы да көңіліме кірбең енді...
Құбыжық тығылғандай қуысқа кеп,
Үйді айналып үрген ит тынысқа сеп...
Қалғып бара жатамын қасқыр жайлы,
Сары-Амантай айтқаны дұрыс па деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу