Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  473


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН САРА ТОҚТАМЫСОВА АЙТЫСЫ

Сара:
Бісміллә, сөзді бастадым,
Армысың, қалың жамағат.
Жақсы мен жайсаң кеп отыр
Өнерімізді бағалап.
Ақындарыңды қабыл ал
Жырлары терең ғаламат.
Мен де бір жүйрік дүлдүлің
Додаға салған тағалап.
Есілдің жырым суындай
Төсіңді кетсін аралап.
Тарихтан тартып сөйлесем
Жадыңды өткен жаңалап,
Қалдырған қара шаңырағым
Таң қылған төрткүл дүниені
Түркілер құрған қағанат.
Абылай ақ ту астына
Жинаған үш жүз баласын
Ертеңін елдің шамалап.
Армандап азаттығыңды
Кешірген бастан сан азап,
Өзекті өртер өткенді
Қайтеміз бүгін табалап.
Тұғырлы тәуелсіздігім –
Басыңа қонған дара бақ.
Береке менен бірлікке,
Теңдікке қылып қанағат,
Жақсылығыңды жырлайық
Той қылып жатсаң даралап.
Қыздыру тойдың көрігін
Қызыл тіліме аманат.
Мен мен едім, мен едім,
Қандай да елден кем едім?
Қазтуған, Бұхар, Асан боп
Қазақтың қамын жегемін.
Махамбет, Кенесарының
Қорамсағынан атылған
Қозы жауырын жебемін.
Мұстафа Шоқай, Тұрардай
Түндігінен түркінің
Сәуле шашсам деп едім.
Баршаның басын ұйытқан,
Қолтығы кең ел едім.
Теңдігімді алып Кеңестен
Тереземді теңедім.
Есілдің бойын ен жайлап,
Ел қондырған ер едім.
Құтты болсын бүгінгі
Жиырма да жасқа кегенің.
Ақ тілек айтсам анамның
Жамылып аппақ желегін:
Әр қазақ – менің жалғызым,
Аман да болып өр елім,
Қазақтың бағын мәңгі ғып,
Жаратқан, өзің жебегін.
Аманжол ағам орынды,
Салиқалы сабырмен
Бүгінгі айтысқа жан-жақты
Жиналды небір дарынды.
Қарсылас болып жаныма
Бас ақындарың табылды.
Күні кеше айтыста
Жастығыменен жалынды
Мұхтар дейтін бір ақын
Қағып алардай шаңымды,
Ақындарды қойды ғой
Картаға теңеп кәдімгі
«Дамаға» теңеп Сараны,
Ал өзі «Қарға валет» боп
Сөзінен өзі қағынды.
Балық деп, бірде шыбын деп
Ашуымды қайнатып,
Қарайтып еді қанымды.
Қуанып тұрмын ал енді
Тапқандай шипа дәрімді.
Айтатын сөзің балшекер,
Құлаққа тиер жағымды.
Айтысқан кезде «Валетпен»
Өзіңді Сара сағынды.
«Корольдер» жақсы екен ғой
Түсінетін қадірді.
Ел айтқанда ардақтап
Құрметтейтұғын «Дамаңды»
Қошеметіңді аяма,
Алақаныңмен аяла,
«Король» мен «Дама» қалжыңға
Қарық қып кетсін бәріңді.
Аманжол ағам айтысты
Дәстүр-салтпенен әрледі.
Әсеммен кеше айтысып
Қалжыңың айтқан дәмді еді.
Сіз оған «сұлу Ләйлім» деп,
Ол сізге «Біржан сал» деді.
Аманжол ағам сол кезде
Әдетке басып баяғы
Бірдеңемді өзің тап,
Қалтаға қолды сал деді.
Айнұрға да ал деді,
Ақмаралға да ал деді.
Сал деген сайын керілдің
Әр жерге тығып әр нені.
Сонымен, Біржан сал аға,
Іздетпекшісің ал нені?
Сонымен, Біржан сал аға,
Қалдырып қойған Сараға,
Көрсетпей тығып сақтаған
Бірдеңең тағы бар ма еді?
Аманжол:
Сақ пен Ғұн, Түркі жұрты тегім еді,
Тәуелсіз Қазақ деген елім еді.
Айтыстың сар даладай сахнасы
Халқыммен қауышатын жерім еді.
Алдыгүні айтысқа шыққан Әсем
Шығыстың сылаңдаған елігі еді.
Бүгін де Шыңғыстаудың қызы шықты,
Семей неткен дарынды, берік еді.
Найманның нарттай жанған қызын көрсем
Қаным қызып, шабытым желігеді.
Байқаймын, мына қыздың жөні бөлек,
Тастамбектің қызындай берідегі.
Аққудың қатар қаққан қанатындай
Екі қасы сөйлесе керіледі.
Қос танауы желпілдеп кеткен екен
Қарақұлақ құлындай желідегі.
Айтысты бірінші боп бастап кетті
Әуелі сөзді күтпей серідегі.
Шапаныңды Әсемге ақтарттың деп
Қалтама қол салуға ерінеді.
Жылқының қулығындай асау екен,
Апыр-ау, мынау кімнің келіні еді?
Айтыста алдың талай қамалдарды,
Өнерде өзіңе сай бағаң бар-ды.
Мыңға мырза болғанда, Сара сұлу,
Апыр-ау боламын ба саған жарлы.
Шапанды ақтартты деп өкпелеме,
Бешпентімнің қалтасы саған қалды.
Қайықтан көл бетінде паром жақсы,
Сыған деген халықта Барон жақсы.
Әскери офицердің баласысың,
Әкеңе жұлдызы үлкен погон жақсы.
Картада Валет мықты болғанменен
Өмірде құзыры үлкен Король жақсы.
Тату болсақ туғандай бір анадан,
Кес-кестеп өтер дейсің кім арадан.
«Тетігіңді» таба алсаң бақыттысың
Өрілген «өмір» атты мұнарадан.
«Ақын аға» десең де ризамын,
Қазақстанның Королі бір-ақ адам.
Керекудің ар жағы Семей ме екен,
Семейден шыққан қыздар мерейлі екен.
Кеше Мұхтар өзіңе «Дама» деді,
«Дама» деген Сараға теңеу ме екен?!
Одан-дағы күн күлген жанарынан
«Айтыстың ханшайымы» демей ме екен.
Сонан соң ер жігіттің салтыменен
Ханшайымның қасына кемей ме екен.
Тілінен таңдап берген тәтті өлеңін
Таңдайда уылжытып жемей ме екен.
Күреңді кезек мініп қараменен
Семейге барған бабам даламенен.
Балқантаудан Ертіске кеш жететін
Қыздар күбі піскенде сабаменен.
Шешесіне көрінбей торулайтын
Байпаңдап нан пісірген табаменен.
Сол сәтте апаларың шығады екен
Жігітті көп тостырмай жаңа кеген.
Ертіске атпен барған аталар-ай
Қыз сөзін есту үшін «аға» деген.
Кешегі Тоғжандардың сіңлісісің
Абайға шай құймаған шамаменен.
Саражан, саған теңеу бола алмайды
Мұхтардың айтқан сөзі «Дама» деген.
Кей кезде не нәрсені теңеу көріп
Айта береді екен ғой бала деген.
Қара қыз, еститұғын сөзің осы
Шықпасаң мен секілді ағаменен.
Талайдың қызыл тілмен мысын басқан
Айтыстың Томирисі – Сара деген.
Тербеткен алты алашты дастан-әні,
Бірі едің берік қыздың тас қамалы.
Сенің де туып-өскен жерің еді
Саңлақ Сарыарқаның қасқа алаңы.
Төркініңе көтеріп алып кепсің
Ботаңды – құндақтағы жас балаңды.
Саражан, бөпеңіз де бақытты ғой
Туа сап көрген мынау Астанамды.
Қырық жылдық тойында Елорданың
Толағай жігіт болсын асқаралы.
Ордамды Есілдегі жағаға сап,
Тұрғыздық Астанадай қала ғажап.
Алтайдан Атырауға қанат жайып,
Байтақты мекен еткен дала қазақ.
Жерін жаудан қорғаған батыр қазақ,
Елін даудан қорғаған дана қазақ.
Алты құрлық мойындап ақылыңды,
Деген күн арта қалды «қара қазақ».
Жиырма жылда жұлдызы жарқыраған
Сапарың сәтті болсын, дара қазақ!
Көк түрік шаңырағына ие болған
Бақытың арта берсін, баба қазақ!
Сара:
Келінсің кімге дейді ғой
Аманжол дейтін ақтабан.
Сен де, аға, жүйрік ақынсың
Арқаның жұрты баптаған.
Атаның атын атамас
Келінмін салтты сақтаған.
Сұрасаң енді айтайын,
Кезім жоқ менің тоқтаған.
Бір атам менің атақты
Қазақтың қорғап намысын
Ағынтай дейтін батырмен
Арқада жатқан жақсы адам.
Бір атам менің ұлы ақын
Қатаған дейтін қырғыздың
Ақынын жеңген қақсаған.
Бір атам менің Одақта
Болмаған жыры шашпаған.
Сталиннің өзі мойындап,
Парасат сөзін пайымдап,
Айтыстың атын әлемге
Таратқан ол да хақ бабам.
Бір атам менің дәл бүгін
Астана салып алашқа,
Қаймықпай тартыс-таласта
Азат күн елге бас болып,
Қазақтың көшін бастаған,
Сондықтан да оны сұрама.
Қалтаға қолды сал дей ме
Аманжол ағам, серіміз?
Мырзалығыңа куә ғой
Отырған мына еліңіз.
Қалтаға қолды салмаймын,
Алтын берсең де алмаймын,
Ондайға жоқ ед ебіміз.
Мен өзге емеспін, Сарамын,
Шоқтығы биік дарамын.
Сондықтан берер болсаңыз
Өзіңіз әкеп беріңіз,
Керегімді және де
Өзім қалап аламын,
Сөзіме осы сеніңіз.
Ең бірінші қалауым –
Мұнайым, алтын, темірім,
Шетелдіктер ап жатқан
Халықтың құты кеніміз.
Ал келесі қалауым –
Жиырма жылда оңалмай
Тіліміз болды кеміміз.
Күресейік тіл үшін
Біткенше ақтық деміміз.
Одан соңғы қалауым –
Асылзада аяулым,
Алашымның айбыны
Кенесарының Питерден
Басын әкеп беріңіз.
Туған елінде дамылдап,
Құшағына алсын жеріміз.
Одан соң жауы халықтың
Атанып кеткен арыстар,
Сүйектері шашылып
Әр жерде жатқан ұлдардың
Қабірін тауып келіңіз.
Осындай қалауларымды
Асыға күткен мен түгіл
Мына отырған еліміз.
Шын мырза болсаң ал, аға,
Өз қолыңмен Сараға
Беретұғын жөніңіз.
Осыдан кейін, ағайын,
Аманжолдың атымтай
Жомарттығын көріңіз.
Арқадай төркін жұртыма
Арқалай келдім баламды.
Тербете жүріп бесігін,
Қонағына ашып есігін,
Үлгерген барлық шаруаға
Көріп өскенмін анамды.
Көтеріп келдім көрсін деп
Астана – ару қаламды,
Жақсы-жайсаңдар ту тіккен
Сарыарқадай даламды,
Жиен деп көңіл бөлетін,
Қырық серкешін беретін
Аманжолдайын ағамды.
Арқамның асқақ төрінде,
Арқалы дархан жерінде
Ұлы дүбірлер басталса
Үйімде қалай жатайын
Жайлауға салып жағамды?
Құлынын ертіп қасына
Келгенде тойға асыға
Сарадай дүлдүл қыздарың
Тайдыра қоймас табанды.
Қайрат пен жігер бойымда,
Ақыл-парасат ойымда,
Көрсеткем көпке шамамды.
Жүйріктей келіп жарысқай,
Азаматтардан қалыспай
Өлеңмен тамсандырайын,
Көрермен берсін бағамды.
Аманжол:
Сарыарқа – атамекен байтақ абыз,
Туған жердің төсінде жай табамыз.
Сұлу, ерке Есілдің жағасында
Мәуелі бәйтеректей жайқаламыз.
Төркіндеп жиенімізді алып келсең
Қашанда мырзалықпен байқаламыз.
«Қырық серкеш – нағашыдан» деген сөз бар,
Қырық ешкі айдатып қайтарамыз.
«Келгенде төркініме аттай бекем, –
Демегін, – басқа сыйлық таппай ма екен...»
Қырық ешкі өсірсең тез көбейер,
Жылына екі-үшеуден лақтайды екен.
Үйіңдегі күйеуің босқа жатпай,
Сол ешкіні өсіріп бақпай ма екен.
Жыл сайын пайда тауып он шақтысын
Көршілес ұйғырларға сатпай ма екен.
Түбіт-жүнін иіріп, шәлі тоқып,
Әкеліп иығыңа жаппай ма екен.
Шұрайлы Алатаудың етегінде
«Ешкілі бай» атанып жатпай ма екен.
Сан ғасыр жауыр қылған белімізді,
Азаттық басты қайғы-шерімізді.
Сара қыз, тіліміз де дұрысталар
Өзіміз игерерміз кенімізді.
Машкеевич секілді мешкей байлар
Көтеріп әкете алмас жерімізді.
Құдайым азаттықтан айырмасын
Кеңпейіл Қазақ деген елімізді.
Жиырмаға енді қадам басқаныңда
Азаттық – толғап айтар дастаным да.
Арыстардың қинаған ғазиз жанын
Тағдыр бар ата тарих астарында.
Туған жерге көметін уақыт келер
Кенесары хандардың бастарын да.
Сүйектері шашылып жатқанменен
Рухы Астанамның аспанында.
Атпасын ешкім бізге оғын тағы,
Қазағым, түгенделер жоғың тағы.
Хан Кене кең даламды қорғап өткен
Бас болып сарбаздарға соңындағы.
Есіл ер аласұрып бұлқыныпты
Қасқырдай ақ патшаның торындағы.
Абылай, Кенесары армандарын
Бүгінгі Елбасымыз орындады.
Тәуелсіз, әлем білген Қазақ елі,
Көк байрақ құламасын қолыңдағы.
Уа, Қазағым! Қазағым!
Төгейін жырдың ғазалын.
Асанқайғы атам айтқандай:
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа,
Қос қолың жетсін ырысқа.
Беделің бірдей болсыншы
Батысың менен Шығысқа.
Қазтуған атам айтқандай:
Тұлпарға тайың тең болсын,
Жарлыңыз байға тең болсын.
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Керегесі елдің кең болсын!
Түркінің жұрты бірігіп,
Бірі етек, бірі жең болсын!
Сүйікті Қазақстаным
Әлемнің көшін бастайтын,
Байлығын жатқа шашпайтын,
Басынан дұшпан аспайтын,
Құт-берекесі қашпайтын,
Тәуелсіздігі баянды,
Бақ құсы қонған ел болсын!
Доспамбет бабам айтқандай:
Еркелей аққан Есілден
Ат салмай өтер күн бүгін.
Еңсесі биік ақ орда
Еңкеймей кірер күн бүгін.
Қарағай тамыр қазағым,
Өркендей берсін тірлігің,
Қанамасыншы кіндігің.
Бір ғасырға бергісіз
Еркіндіктегі бір күнің.
Ақ пейіл Алаш баласы,
Нығая берсін бірлігің!
Шалкиіз жырау айтқандай:
Саздауға біткен қара ағаш
Жұртыма сайғақ болғанда,
Қоғалы көлдер, қом сулар
Ұлтыма қоныс болғанда,
Бір сәтке назар салайық
Тағдырлы, қиын жолдарға.
Ақмола бекінісіне
Ойрандап орыс толғанда,
Қараөткелдегі қалың ел
Теперіш көріп солғанда,
Қасқайып шыққан Хан Кене
Айналып асыл қорғанға.
Пушкаға қарсы ұмтылды
Қылышын сермеп торларға.
Армандап кеткен бұл күнді
Иілмей «орыс – орманға».
Қайғысын айға ақтарған
Абадан қасқыр секілді
Ішіне құса толғанда.
Хан Кене сарбаздарының
Тамырдан аққан қаны бар
Осы өңірдегі орларда.
Сондықтан да, ағайын,
Азаттық құсы қонғанда
Үйі жоқ қазақ болмасын,
Жері жоқ қазақ болмасын
Тәуелсіз заман болғанда.
Ақтамберді атам айтқандай:
Төрткүлден ошақ қаздырып,
Төбелден бие сойдырып,
Тәуелсіз бидің кеңесін
Бізге де құрар шақ келді.
Ұлдарың болсын ұлықты,
Қыздарың болсын қылықты.
Ерлерім болсын несіпті,
Аналар болсын бесікті.
Билерім пара алмаса,
Шенеунік, әкім-қаралар
Жемқорлыққа бармаса.
Өкіметтегі дөкөйлер
Қазақшаға келгенде
Алдына кісі салмаса.
Мұғалімдердің айлығы
Министрлермен тең болса.
Депутаттардың айлығы
Дәрігерлерден кем болса.
Жетімді жатқа сатпаса,
Жесірге қайғы батпаса.
Қарттарым күйсіз болмаса,
Жастарым үйсіз болмаса.
Жерге де қазақ ие боп,
Кенге де қазақ ие боп,
Кең жайлау толса түлікке
Сауғаның түйе, бие боп.
Бұйырып кен мен мұнайым,
Жарылқап жатса Құдайым,
Осынша берген дәулетті
Көтеріп тұра алар ма екенбіз?!
Үмбетей жырау айтқандай:
Кетеген болса түйең жау,
Тебеген болса биең жау.
Әлиев, Храпуновтай
Алаяқ болса күйеу жау.
Нашақор болса ұлың жау,
Жезөкше болса қызың жау.
Ата-ана сыйлай алмаса,
Безбүйрек болса келін жау.
Алғаның жаман болса егер
Болмайды одан жақын жау.
Білімсіз ұстаз, дәрігер жау,
Жемқор болса әкім жау.
Абай мен Махамбеттерше
Ел мұңын айта білмесе
Дарын да болса ақын жау.
Тәуелсіздікті алғаның –
Ғарышқа соқпақ салғаның.
Тәуелсіздікті алғаның –
Арыстарын алаштың
Қайтадан ақтап алғаның.
Тәуелсіздікті алғаның –
Есілге келіп ел болып,
Астана – шаһар салғаның.
Тәуелсіздікті алғаның –
Елшілердің сәлемін
Еңкейтіп қабыл алғаның.
Жиырма жылда болғандай
Сан ғасыр күткен арманың.
Баянды болып бақытың,
Мейірімі жаусын Алланың!
Сара:
Жөн еді бұл сөзіңді естімеген,
Өлеңді төрт күн ойлап, бес күн өрем.
«Ешкі берем, күйеуің бағад» деген
Сөздерің қызық екен кескілеген.
Тойында нағашысы сыйламап па ед
Ақанның Құлагерін кескіні ерен.
Бір тай атамайсың ба сол секілді,
Жиенді қайтармасаң да бестіменен.
Қаптатып көп ешкіні неғылайын
Мүйізімен киіз үйді тескілеген.
Тәп-тәтті, тай мінетін жиеніңді
Қайтара салмақсың ба ешкіменен?
Сарыарқа – бабалардан қалған далам,
Ақын ба сені мақтап толғанбаған?
Естілердің жүрегін жаулағансың,
Ессіздер ғана мұны аңғармаған.
Шетелден келіп кеткен шекпендіден
Ішегін тартып кетпеген жан қалмаған.
Күн сайын ажарланып жатыр деген
Дабысың бар әлемге барған далам.
Астана ауысқанда Алматыдан
Құшағына қара көз толған қалам.
Мұнарасы тіресіп бұлттарменен,
Алланың нұры көктен тамған қалам.
Әр қазақ баласына сен ыстықсың
Шаңырақтай ұлына шалдан қалған.
Шетелден де жыл сайын әншілер кеп
Өзіңе айтылмаған ән қалмаған.
Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан да
Ордасын осы жерге армандаған.
Қазақтың маңдайына бұйырып тұр
Талайлар көз қадаған арман далам.
Шыңғыс ханның жетпеген арманына
Жетіп тұр Нұрағамдай талғамды адам.
Мекендеп Сарыарқадай мақпал белді,
Күмбірлеп күн астында сақтар желді.
Кешегі ғұннан шыққан Еділ бабам
Шекарасыз билеген, шапқан жерді.
Түркінің туын ұстап Күлтегіндер
Еуразия құрлығына қаққан белгі.
Мысырдың мысын басып тұрған жоқ па
Еске алсаң Бейбарыстар жатқан жерді.
Жәнібек, Керей хандар заманында
Ауыздықпен суарған ақтангерді.
Үш жүздің басын қосып хан Абылай,
Үш жүздің батырларын саптан көрді.
Азаттық деп алысқан хан Кенені
Алты алаш алты құлаш аттан көрді.
Тоқсан бірде тәуелсіз таң атқанда
Ұлтымыз Нұрағаңды тақтан көрді.
Азаттық Астанасын саламын деп
Арқаға ауысқанын мақтан көрді.
Табалай бермей елдің жетістігін,
Бағалай білген дұрыс аққан терді.
Төбел бие сойдырып той тойлайтын
Күн осы арман еткен Ақтамберді.
Тарихтың тарауына таңба басқан
Қазақтың күнін Алла хақтан берді.
Тұлпар мініп, қолына ту ұстаған,
Ел едік батырларын ұлықтаған.
Ұлдары сауыт киіп ел қорғаса,
Қыздары қолдарына гүл ұстаған.
Сайыпқыран сақтардың сарқытымен
Тарихтың тағылымын ұмытпаған.
Қазақпын, бостан елмін бақ дарыған,
Азаттық ауасымен тыныстаған.
Әманда ән салып жүр домбыра ұстап,
Құдайым ұстатпасын қылыш саған.
Қонсын кеп ақ ордама бақыт құсы,
Болсын тек бейбіт өмір, тыныш заман.
Аманжол:
Қыз едің өлең сөзге тартынбаған,
Дауысың ана қаздай қаңқылдаған.
Мырзатай, Өмірзақ пен Сейіт ағамдай
Әйгілі ғалым болсын алтын балаң.
Фариза, Асанәлідей дарын болсын
Есімін ардақтаған жарқын ғалам.
Жүрсін мен Несіпбектей ақын болсын
Поэзия көгінде жарқылдаған.
Бекболат ағамыздай әнші болсын
Дауысы күн астында саңқылдаған.
Ешкіні қомсынсаңыз тай берейін
Шапқанда аламанда алқынбаған.
Ұлың сұңқар, ал тайы тұлпар болсын,
Құс қанат Құлагердей қарқындаған!
Уа, Қазағым! Қазағым!
Төгейін жырдың ғазалын,
Тәуелсіз мынау заманда
Тапталмау үшін табанға
Әкімдердің міндеті:
Ешқашан пара алмаса,
Жемқорлыққа ұрынып,
Сыбайлас болып қалмаса.
Тендерден түскен қаржының
Қалтаға жартысын салмаса.
Жеке кәсіпкерлердің
Аяғынан шалмаса.
Кешегі Құнанбайлардың
Жақсы істерін жалғаса.
Осал әкімдер жоқ емес,
Кулагиндей қулар бар
Отыз жыл әкім болған соң
Май басып кеткен жамбасын.
Парламентке енді бармақшы
Қауындай қылып нән басын.
Жақсы әкімдер де жоқ емес
Алтынға теңер нар басын!
Астанада Имекең,
Қарағандыда Серік бар,
Маңғыстауда Қырымбек,
Шығыстағы Бердібек,
Батыста Ізмұқамбет бар,
Осы әкімдерден үлгі алып,
Өзгелер биік самғасын,
Еңбектенуден талмасын.
Елбасы сенім артқан соң
Ғұмырын елге арнасын.
Ұмытпай жүрсін әрдайым
Ел-жұрты менен Алласын!
Парламентіңнің міндеті:
Дұрыстап заңды шығару
Көтерер заман талабы.
«Жеті жарғыны» жазғандай
Көзінің болсын қарағы.
Ал біздің Парламентіміз
Өкімет пенен билікке
Қолбала болып барады.
Ақыры өздері тарады,
Халық та соны қалады.
Тақауда сайлау болмақшы,
Жаңа Парламентіңе
Мәжілісте ұйықтап қалатын
Маубастар барып жүрмесін.
Қазақшаны қақпайтын,
Телебайқауда ән салып
Өнердің құнын таптайтын
Тәңірберген, Бақыттай
Дәубастар барып жүрмесін.
Келесі жылы, ағайын,
Депутаттарың мықты боп,
Шығарған заңы құтты боп,
Үш билігіміз теңесіп
Қазақстаным гүлдесін!
Аналарымның міндеті –
Әлдилеп бесік тербету.
Ұлдарымыздың міндеті –
Рухты болып ержету.
Қыздарымыздың міндеті –
Ибалы болып бойжету.
Әкелерімнің міндеті –
Ұрпаққа үлгі көрсету.
Алтау ала болмайық,
Ауыздағы кетеді.
Төртеу түгел болайық,
Төртеу түгел болайық,
Төбедегі келеді.
Кешегі абыз бабалар
«Осындай болшы» деп еді.
Бірлігің болса, қазағым,
Құдайым өзі береді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу