Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  251


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН АҚМАРАЛ ЛЕУБАЕВА АЙТЫСЫ

Аманжол:
Болғанмен ат үстiнде ғаламат паң,
Көңiлi қазағымның дала жатқан.
Батагөй қариясы бар халықпыз,
Рухты ұрпақ тiлеген дана хақтан.
Аруана – ақ жаулықты аналарым
Ақ найзаға сүйенiп бала тапқан.
Емен белдi ерлерiм арыстандай,
Қастасқан дұшпанына қан асатқан.
Осындай аяулы елмен амандастым,
Жаралған тұла-бойы парасаттан.
Танытса қас жүйрiктей өрде қарқын,
Тұлпардың шығарарсың төрге нарқын.
Сәби өлең әкелдiм құндақтағы,
Бесiк қып жүрегiңдi тербе, халқым.
«Алла жар!» сөз бастадым арлы үнменен,
Қызыл тiл аман болса, нарқым берен.
Өнердiң мұхитында еркiн жүзгiн,
Арманға сапар шеккен алтын кемем.
Ғаламға ұлт болмысын байқатамын
Көнеден жеткен өнер, салтыменен.
Ұлттың ұлы жүрегi қабылдайтын
Айта алсам арманым жоқ тартымды өлең.
Елiмнiң қай кезде де даңқы шыққан
Абыз қарт, абзал ана, мәрт ұлменен.
Толқының боп тулайын көкке ұмтылып,
Телегейдей тербелген халқым терең.
Тәуелсiз Қазақстан, жолың болсын,
Ғаламда өзiңе сай орын болсын.
Сары алтын, қара мыс пен болат, темiр
Ұрпағыңа жететiн қорың болсын.
Қой үстiне бозторғай жұмыртқалап,
Тамыздағы бағыландай қоңың болсын.
Сүйiншiлеп кеп жатқан қой жылымыз
Депутат ағалардай момын болсын.
Құлпырып қызғалдақтай қырдан жұлған,
Дидарың төңiректi нұрландырған.
Ал ендi Ақмаралға көз салайын
Құлжадай ғазиз басын шыңнан бұрған.
Бұғы бел, бұлан қасты бұла сәулем,
Жал сипатпай арда өскен бiр асау ма ең?
Ел мақтаған аруды ер жақтайды,
Жұртымның жүрегiне ұна, сәулем.
Жарасып қыз-жiгiт боп айтысайық,
Мәңгi бұлай тұрмайды мына дәурен.
Ұлыбике, Саралардың iзi екенсiң,
Қисайғанды жырменен түзетерсiң.
Ұлардай ұядағы өлеңiңдi
Ұлытау етегiнде түлетерсiң.
Ер жiгiт айлы түнде iздеп барып,
Отауына кiрердей қыз екенсiң.
Ер едiк берiк тұрар сертiмiзге,
Қарадым назар салып зерлi жүзге.
Күш алса шалқар шабыт, асау сезiм,
Бiздердi қояр ма екен еркiмiзге?
Ақырын әдеппенен кезек бердiм,
Қыз қалқа не дейдi екен ендi бiзге?
Ақмарал:
Жаратқан бар қылатын жоқтан iсiн,
Жан берген адамзатқа хақтан үшiн.
Тәңiрден қолдау күтiп топқа түссем,
Бағымды балапандай баптау үшiн.
Отырарды қорғаған Қайыр хандай
Оңтүстiк қорғап келдiм от-намысын.
Қаратау қолын бұлғап қала бердi,
Болған соң қарт Ұлытау бетке алысым.
Ырым ғып тұмар өлең тағып кетем
Өзгенiң тiл-көзiнен сақтау үшiн.
Армысың, қалың елiм, тағы келдім,
Тiлiмнiң аманатын ақтау үшiн.
Осы елдiң секiлденiп бек түлегi,
Сөйлесем елжiрейдi ет жүрегi.
Сарыарқаны мәңгiлiк мекен еткен
Тыңдасын асыл сүйек, тектiлерi.
Алаша хан, Жошы хан белгiсi бар,
Күмәннiң ашылсын тек көп түнегi.
Қашанда Қарағанды жақсы iстiң
Басында жүретiнiн көп бiледi.
Таңбасын тасқа қашап жазған елдiң
Тарихқа тәу еткенi деп бiледi.
Еңсегейдей көтерiп ел еңсесiн,
Көгертсiн көсегесiн көп түлегi.
Алтынды құм iшiнен таба алмассың,
Қауыз жармай, гүлдi де ала алмассың.
Отауымның он жерде құлыбы бар,
Ойын ойлап отырсың оралмастың.
Одан да түндiгiмнен түспеймiсiң,
Жарқылдап сәулесiндей ақ алмастың.
Аманжол:
Аламан басталғанда алаң қылған,
Бел буып топқа түстi балаң қырдан.
Тегiм түркi, ордалы ұлтым қазақ,
Тасты кiтап, қанжарды қалам қылған.
Махамбет шыққан елдiң түлегi едiм,
Рухын дұшпан бұзбас қамал қылған.
Күмбiрi күнге жеткен көшпелi елге
Көк аспан мейiрленiп жамал бұрған.
Ардақты Ақмаралдай ақын қызға
Жауабын қайтарайын ғазал жырдан.
Айша қыз сыр бөлiскен Қараханмен,
Сал Бiржан айтысыпты Сара апаңмен.
Қызды ауылға кеш бата келген жiгiт
Ауылына қайтады ала таңмен.
Есiгiң жабық болса, керегеден
Қол созып оятармын алақанмен.
Оятып айтқан кезде есiмiңдi,
Көрер ең керегеден кесiмiмдi.
Қара жер, жұлдызды аспан құп көредi
Сол сәтте сен ойлаған шешiмiңдi.
«Мырзаш-ау, ебiн тауып келдiң бе?» – деп,
Асығып ашпайсың ба есiгiңдi?
Қыз ашса ақ отауға кiрмейсiң бе,
Сезiмiн жанарынан бiлмейсiң бе?
Тұлпардың тұяғымен соқпақ салып,
Кеп кетiп қызды ауылға жүрмейсiң бе?
Бал қымызды ұсынып кесеменен,
Иiлiп шапанымды iлмейсiң бе?
Ақмарал:
Қыз бала шуақ жырға бөлене ме,
Құяйын қымыз өлең тегенеге.
Шынымен жүрегiме жол салсаңыз,
Қаларсың бәлесiне неменеге?
Бiр амалын Аманжол iздегендей,
Таба алса бiр шаттыққа кенеле ме?
Ол ойыңның ретi келе қоймас,
Қыз емес, жеңге жатар керегеде.
Аманжол:
Үмiт бар, парасат бар сезiмiңде,
Жастықтың ұнамайды кезi кiмге.
«Келем» деп, серттi жiгiт келмей қалса,
Тоса-тоса сарқылар төзiмiң де.
Қасыңдағы күзеткен жеңешемiз
Қыз болғанын ұмытпас өзiнiң де.
Кеш батса қызды ауылға шаппаймын ба,
Шырағын бал дәуреннiң жақпаймын ба.
Ықыласы болмаса қыз қалқаның,
Рұқсатсыз қыз есiгiн аттаймын ба.
Ата салтпен жеңгеңнiң иығына
Төгiлтiп жiбек мата жаппаймын ба.
Ол аз болса қойнымнан алып шығып,
Құлағына сырғасын тақпаймын ба.
Жеңгеңiз қанша қатал болса-дағы,
Көңiлiн сөйтiп, Марал, таппаймын ба?
Кiм қолын созбас дейсiң сендей гүлге,
Таң атқанша жанармын сөнбей бiрге.
Ақандай Маңмаңгерге қамшы басып,
Асығып ай астында желмеймiн бе?
Сал-серi бабалардың дәстүрiмен
«Қол ұстар», «шаш сипатар» бермеймiн бе?
Ақмарал:
Бәйгеге үйренгенсiң жарау түсiп,
Iшiңе кеттi, Аманжол, алау түсiп.
«Жеңгенiң де амалын табам» дейсiң,
Дәнекер болар ма екен қалау түсiп.
Ауыл итiн шулатып, азуынан
Қалмасын балағыңа жамау түсiп.
Жарайтын жеңге болса сертке, Аманжол,
Жолыңнан жығылмассың, тектi Аманжол.
Арқаның бар байлығын аруларға
Таратып аламанда кетпе, Аманжол.
Сен шықсаң желе-жортып маған қарай,
Қыз жатпас ақ отауда алаңдамай.
Жеңгеден асып бiзге жеткенiңше,
Белгiлi боп қалады шамаң қалай.
Жеңгемен мықталған соң керегесi,
Қазақтың отау болған берекесi.
Осы айтыстың арқауы ауыл едi,
Таусылмас әзiл менен мерекесi.
«Қазақы қалжың» дейдi мұның атын,
Емес бұл жел сөз бенен келекесi.
Қазақтың қыздарына үлгi болсын
Жеңге мен қайын сiңілi өнегесi.
Жүрмессiң болашақты уайымдамай,
Майыспас емен жаққа қайың қалай.
Аманжол, осы сөздiң түп астарын
Бекерге отырмассың пайымдамай.
Ауылдың қыз-жiгiтiн сөз етейiк,
Бүгiнгi жастар жайлы ойың қалай?
Аманжол:
Сайға әкеп атын тұсар серттi жiгiт,
Арудың сырын ұққан тектi жiгiт.
«Ауыл итi шулар» деп алаңдама,
Келгенiн байқатпайды ептi жiгiт.
Ұрпаққа үлгi болсын күн бүгiнгi,
Түрерсiң таң атқанда түңлiгiңдi.
Ержеткен ұл мен қызда рух болса,
Ешқашан қанатпайды кiндiгiңдi.
«Келем» деп серi жiгiт сертiн берсе,
Қақпассың айлы түнде кiрпiгiңдi.
Қимай-қимай қоштасып аттандырып,
Ұстарсың сайға барып шылбырымды.
Жеткенде уағдаласқан ырымды күн,
Ауылына жiгiт барар бұрымдының.
Ақылмен, әдеппенен сыр бөлiскен
Дәстүрi қандай ғажап бұрынғының.
Бiз айттық өнеге қып мұның бәрiн,
Бармайды жас дәуренде ұрынға кiм.
Жiгiттер арақ iшпей, қымыз iшкен,
Ұлтына лайық етiп ұғымдарын.
Ар-намыс, ұяты бар қазақ қызы
Шолпы тағып өсiрген бұрымдарын.
Қазiргiдей тал түсте құшақтасып,
Будақтатып тартпаған шылымдарын.
Ұрпақтан үмiт күткен қазақ елiм,
Жөн болар бұны дұрыс ұғынғаның.
Батыстың әлегiне елiктемей,
Ата салтпен ержетсiн құлындарың.
Ақмарал:
Ойымды қиял қалай ала қашпақ,
Сөзiмiз ендi жақын араласпақ.
Батыстың әлегiне елiктесең,
Болмайды армандаған ғаламат шақ.
Күн көруге көштi ғой әйел түгiл,
Еркек те ен байлығын жалаңаштап.
Қалаймын бүгiнгi ұрпақ көктесiн деп,
Бел буып болашаққа беттесiн деп.
Батыстан келiп жатқан бөтен қылық
Тiлеймiн ауыл жаққа жетпесiн деп.
Аманжол:
Күн ұяға батады бiр айналып,
Жүрдек-ау жалған өмiр ұдай жарық.
Ауылдан шыққан ұл-қыз адал болса,
Туған жер көркейедi шырайланып.
Ерлердiң елге деген көзқарасын
Бақылап тұрар көкте Құдай бағып.
Азаматтар, ауылыңды, халқыңды ойла,
Бұл жөнiнде бiр Алла сұрайды анық.
Балапанын ұшырып қиясына,
Туған жер жол тосады жиi асыға.
Ауыл-ана ұлына хат жолдайды,
Сағынышын сiңдiрiп сиясына.
Оқуды тамамдаған жас мамандар
Өзiнiң қайта қонсын ұясына.
Жақсы ұлық жолыңды ор етпейдi,
Осал ұлық жолыңды кең етпейдi.
Ауылдағы ананың балалары
Бiр сиырдың сүтiмен қоректейдi.
Қалада өскен кей бiздiң министрлер
«Сол сүтке салық салу керек», – дейдi.
Қарақұсова секiлдi шала қазақ
Ұлтымның көсегесiн көгертпейдi.
Ауылым бiр мен үшiн жаhұт жолсың,
Бiр Аллам ұлтымызға бақыт берсiн.
Жусан иісiн иiскеп боз даладан,
Бар әлем бауырсақ дәмiн татып көрсiн.
Сапырған Сарыарқаның сар қымызын
Францияға сататын уақыт болсын.
Қолыңа тәуелсiздiк қонды құсың,
Болжайық бұл заманның оң-бұрысын.
Жүн өңдеу, ет-сүт өңдеу, терi өңдеу,
Ауылдың дамытайық өндiрiсiн.
Ақмарал:
Парасатпен Аманжол
Ауылдың жайын шолып тұр.
Бiздi қойып, көңiлi
Француздарда болып тұр.
Балға тыққан бармағын
Кедейдi байлар сорып тұр.
Теңгелi жерде теңдiк жоқ,
Теңселген заман болып тұр.
Бағыңды үстем етейiн,
Түспеспiн, Аманжол, уайымға.
Ақ орамал жырымды
Асайын әкеп қайынға.
Екеумiз де сөз айттық
Киелi ауыл жайында.
Байлығың көп жiгiтсiң,
Жеңгеме көйлек дайында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу