Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  159


Автор: Ербол Бейілхан

КҮНШІЛДІК

Жардың шетін құлатады су іліп,
Көл бетінде қаршыға ойнар қу іліп.
Қазанатты табалайды есектер,
Анда-санда шалыс басса сүрініп.
Шөлге жаумай бара жатыр бұлт өтіп,
Төңірекке түн келеді ұйқы ертіп.
Азаматты көре алмайды жаман дос,
Қалыс басса, миығынан мырс етіп.
Жыртқыштығы қызықтырмас
тұйғынның,
Ұзақ жасы кімге керек құзғынның.
Орман толған күншілдердің мекені,
Әсем даусын қызғанады бұлбұлдың.
Кешкі іңір, шәйтан күлер шарқылдап,
Жырларымды тұрады ылғи
Ай тыңдап.
Көк патшасы қыран қонса төбеге,
Жердің сұмы қарға күлер қарқылдап.
Құлыншағын көргенім жоқ бұланның,
Аяқтарын көргенім бар жыланның.
Диірмендей дүниеде бақ тайса,
«Құлағында құрбақа ойнар құланның.»
Алшысынан иіргенмен асықты,
Кім тоқтатар зымыраған уақытты.
Жаралған соң табиғаты дара боп,
Биігінде өлген қыран бақытты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу