Трамвайлар сияқты жердің бетімен жүреді: Алматыда LRT қашан және қалай салынады

Күн сайын кептелісте тұрып шаршаған алматылықтар үшін жағымды жаңалық. Алматыда LRT құрылысы биыл басталуға тиіс. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оның нәтижесі маусым айында шығады. Бұл туралы Алматы әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Жобаның алғашқы кезеңінде бағыт мынадай болады. LRT депосы Алатау ауданындағы индустриалдық аймақта орналасады. Содан жеңіл рельсті көлік Момышұлы көшесінің бойымен Төле би көшесіне, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы екінші теміржол вокзалына дейін барады. Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асады. Бұл LRT-ның бір ерекшелігі — бетон бағаналар қажет емес. Яғни эстакадамен емес, жердегі рельспен жүреді. Қазір қалада ескі трамвай рельстерін алу және инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.
"Биыл жазда бастау жоспарланып отыр. Биыл басталса, 2027 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау көзделген. Астананың LRT-сынан айырмашылығы — біздің қаладағы LRT жердің бетімен жүреді. Ешқандай эстекадамен жүрмейді. Бұрынғы, кәдімгі біздің трамвайлар сияқты жердің бетімен жүретін болады", - дейді Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Данияр Надырханов.
Егер жобаның алғашқы кезеңі кестеден кешікпей, келесі жылы аяқталса, бірден екінші кезеңі басталады. Онда желіні қаланың батысындағы көлік торабына және шығыс қақпаға қарай бағыттау көзделген. Бас-аяғы тағы 13 шақырымға ұзарады. Екі кезеңді қоса алғанда, LRT құрылысына қанша қаражат жұмсалатыны мемлекеттік сараптамадан кейін белгілі болады. Әкімдік мамандары осылай жауап берді.
Ал құрылыс жұмыстарын бас мердігер ретінде отандық компания жүргізеді. Дегенмен шетелдік тәжірибелі кадрлар да тартылады. LRT-ның әрбір вагон жиынтығы 350-400 орынға арналған. Сала мамандарының болжауынша, алғашқы кезеңнің өзінде күн сайын 100 мың адам тасымалдауға болады.
"Бірінші кезең мен екінші кезең іске асатын болса, қаланың батыс шекарасы мен шығыс шекарасы Алматы облысымен қосылады. Сол кезде бізге Қаскелең, Ұзынағаштан келетін адамдарға машиналарын ауыстырып міну торабына тастап, сол LRT желісі және метро желісі бұл торапта келеді. Адамдарда таңдау болады", - дейді Данияр Надырханов.
Астана мен Алматыдан кейін мұндай көлік желісі Шымкентте салынуы мүмкін. Мәліметті қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов растады. Оның айтуынша, қазір Шымкенттің Бас жоспарына LRT жобасын енгізу жайы пысықталып жатыр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру