Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  83


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Бесбогда келбеті

Жазда көрсең, тап-тату абысындай,
Қарсы алады жайраңдап танысындай.
Көрінеді бүлдірген бұталары –
Шабдар аттың көктеңбіл қалысындай.
Күзде көрсең, толықсып паңданады,
Тоғыз көлге үңіліп таңданады.
Тақиясы баурына тиіп кетсе,
Қарынсау бұлт шатынай шамданады.
Қыста көрсең, түздің бір тағысындай,
Қасқаяды аязға сағы сынбай.
Етегінде жайылған ақтылы қой,
Шаша салған тауықтың тарысындай.
Ал, көктемде сұлудай таранады,
Айна-аспанға ақ жүзін қаранады,
Малшы ауылдан өрбіген қасқа жолдар – ,
Білемденіп тамырдай таралады.
Келбеті мен тұлғасы келісімді,
Мынау жайсаң заманның ері сынды.
Ауылымның көкшулан түтіндері,
Танауынан атылған демі сынды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу