Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  100


Автор: Есләм Зікібаев

КҮН ЖАУЫП ТҰР

Күн жауып тұр –
Аспанды қара бұлт
Торлап алған,
Алыстап барады үміт.
Əлдеқандай күй мені мазалайды,
Ет жүректі тырнайды нала-бүлік.
Күн жауып тұр –
Көңілім құлазыған
Дала сынды күз түсіп, гүлі азыған.
Өз қағынан жеріген құландайын
Безіп кеткен қалпым бар,
О, ғаламат,
Күндегі қарекеттің біразынан.
Күн жауып тұр –
Жаныма бұлт үйіріліп,
Сумен ағып кеткендей қиқым-үміт.
Орға апарып жықпаса жарар еді –
Дос-дұшпанға көріне күлкі қылып.
Күн жауып тұр –
Қара бұлт, қара нөсер
Көңілімді қамалап бара ма шер?
Мүмкін, менің жанымның нала-мұңын
Тасқынымен тазалап ала көшер –
Қаптағайлап ағады далада сел.
Күн жауып тұр –
Артында бұлты қалың,
Көлегейлеп көңілдің күлкі-нəрін,
Өре салып өрісін аштырмайды,
Жетер ме екен үзуге, шіркін, əлім!
Күн жауып тұр –
Менімен мұңдас білем,
Көктемде де Күн күліп тұрмас кілең.
Қайда апарып қоямын бір жүректі,
Қай бəйгеге тігемін бір басты мен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу