Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  124


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ертегінің соңы

Ақырзаман ақырды
Санадағы жалғандыққа шыдамай.
Жер демін ап ақырғы
Жұлдыз үркіп, қорқыныштан құлады Ай.
Алла отырды мызғымай,
Періштелер жөнелді ұшып жан-жаққа.
«Бұл мекенде боламыз, - деп, - біз құдай»
Алма ағашы қала берді аулақта.
Саналарды жаулап алды Ібіліс,
Бет бұрды да сосын Алла құртуға.
Есін алып, сапырылыс, жүгіріс
Бір пенде тұр құдай-қақпа сыртында.
Шашын жайып, зарланып,
Тыр жалаңаш әйел жетті алқына.
Қалармын деп алданып не арбалып,
Қарамады ер артына...
Дүниенің тозды өңі,
Жаңғырар ол... өткен мүлде ұмтылар.
...Алма ағашы күтіп тұрды өзгені
Миығында күлкі бар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу