Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  170


Автор: Бауыржан Үсенов

ҚАРАҒАЙ ҚАЗАСЫ

Жаңғақ төгіп,
Аңқытқан бал шайырды...
Қарағайға жай түсіп қарс айырылды.
Жапырағы сыбырлап жыр оқитын
Қалын орман жоғалтты нән шайырды.
Қарағайдың тұлғасы биік еді,
Түтіндеген молақ дің түйіледі.
«Әттеген-ай» – біреулер күйінеді.
«Сауап болды» – біреулер сүйінеді.
Қайран алып жоқ болды лап етті де,
Көктен дию кеп қалып әкетті ме?
Төпелеген ақ жауын басқандай-ақ
«Кешіріңіз, бізден бір қате өттіге».
Қайда кетті қарағай, қабірге ме?
Жоқ қылуға берілді өмір неге?
Жайдың оты неліктен түсті алыпқа
Шын алыптар жақпай ма Тәңірге де?
Орман бірдеңе деуге оқталды,
Үрпиісіп топ шыбық топталады.
Нағыз алып сынбайды, иілмейді,
Нағыз алып тік тұрып жоқ болады.
Шын жүректен сіз оны азалаңыз,
Алыптарға жасалған жаза да аңыз.
Ұсақ-түйек ажалға ұқсамайтын,
Қарағайдың қазасы қаза нағыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу