Шығармалар ✍️
Шежіренің «шалқымасын» қайырған
Бүгін бар да ертең жоқ өмір-ай! Аяулы ағамыздың шаһид кешкеніне де 40 күн толып жатыр десеңізші. Асыл ағаның ақтық сапарына жиналған ағайындарымыздың ортасында бола алмаған өкінішіміз тағы бар. Жолсапардан босай алмағанмын.
Өте дос екі адамның бірі дүниеден өтіп, жерленер күні екіншісі сапарда болып, үлгеріп келе алмапты. Кейін марқұмның отбасына көңіл айтып барып тұрып, былай деген екен: «Досымның үш жерінен буылып, тар лақатқа түскенін көргенім жоқ. Сондықтан ол мен үшін тірі».
Сол айтпақшы, жазушы, тарихшы, шежіреші Өмекең аға мен үшін, оны танып-білгендердің барлығы үшін тірі. Өйткені ағаның өлмес шығармалары бүгінгі ұрпақпен бірге жасасып келеді, болашақта да солай бола бермек.
Қалай десем де шежіреші, ақын, ұлтжанды, рухы биік Өмірзақ Қалбаевтай ғұлама тұлғадан көз жазып қалған өкініштің орны 40 күн бойы толмаумен зырлап ағып барады. Аллаға шүкіршілік айтамыз. Халқымыздың мәдени өміріне жұлдыз болып көтерілген Өмекең Қалбаев аға өзі шыққан биігінен лайықты орын алады. Байыбына барар болсақ, бұндай талайлы тағдыр екінің бірінің маңдайына жазыла бермес. Ар жағы исі Алашқа атағы шыққан, 500 жылдығы республика көлемінде 2007 жылы аталып өтілген аруақты Қосай батыр ұрпағы емес пе, Өмекең Қалбаев бұл биікке жету үшін бүкіл саналы ғұмырын үздіксіз арнап өтті. «Арнап өтті» деу айтар ауызға ғана оңай. Себебі 1926 жылы Үстірттің Сам
кұмының көделі қолтығында өмірге келген оның тұрғыластары,
олардың ата-аналары бұрынғы «Қызыл империя» төндірген төзгісіз әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарға ойда жоқта душар болды. Елді жаппай ашаршылық жайлады. Қалайда тірі қалу керек. Мәселе тек қана осыған тірелді. Маңғыстау, Үстірт аумағы халқының «балапан басына, тұрымтай тұсына» басы ауған жағына жаяу-жалпылап бала-шағасымен шұбырынды қайғылы көшінің басталуы да осы тұс болатын. Осы тұс дегенде еліміздің қоғамдық- саяси өміріндегі өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғы мен 30- шы жылдарының аяғын қамтыған кезеңді көз алдымызға әкеліп отырмыз. Босқан қалың көш ересектер мен қарттардан, аталар мен аналардан, құндақтағы бөбектер мен сары үрпек балапан сәбилерден, елмеші шал-шапырлар мен қатын-қалаштардан тұратын еді. «Атан қомынан - атом заманына дейін» атты кітапта келтірілгендей, «олардың көбі көш қиыншылығын, күннің ыстық- суығын көтере алмай, арманда кетіп, әр жерде бір төбешік болып, жолда қалады». Көрер жарығы бар Өмекең ағаның тумаластары Түрікменстанның Ташауыз облысына жетіп тоқтайды... Көп ұзамай аумақтық-әкімшілік бөлініс өзгеріп, Өмекең қоныстанып отырған жер Қарақалпақ автономиялы Республикасына қарайтын болады. Міне, осы мекенде Өмірзақ Қалбаев ұзақ жыл өмір сүріп, еңбек етеді. Ауылдағы орталау мектепте оқып, сауат ашады. Сосын ересектердің баулып салуымен ауыл ішіндегі біршама кәделі, түрлі жұмыстарға тартылады. Бухгалтерияға бейімділігін таныған ағалар осы жөнінен қамқорлығын аямаған. Бұған жауап ретінде жас жігіт Ө. Қалбаев сырттай оқып, бұл кәсіпті меңгеріп кетеді. Не керек,
шаруашылық мекемесінің білдей қызметкерінің, ауылдың айтулы азаматының атақ-даңқы ұран-сүренсіз, айқай-шусыз тарай берді.
***
Өмекең Қалбаевтың атақ-даңқы қалай, несімен шықты? Бұл сұрақты әзиз ағамызға көзінің тірісінде де әзіл-қалжың араластыра қойып көрген едік. Сондағы әңгімелерді сабан тергендей қамти да берудің қажеті жоғын оқырман қауым түсінетін болар. Сондықтан біз бұл жерде марқұммен болған азын-көбін жүздесулерден ойға түйгендерімізді ықшамдаңқырап келтіріп отырмыз.
Киіз туырлықты қазақта «қара сөзден қаймақ айырған» деген сөз бар. Өмекең ағамыз: «Шежіренің «шалқымасын» қайырған»,- деп тоқтаған-ды. Елең еткенбіз. Көп естіле бермейтін тың тіркес сияқтануымен қызықтырды. Осыны алдымен сезген ағамыз:
- Шежірелі әңгіменің шырайы шындық болса, оның
«шалқымасын» шалған бар. Жарықтық Әлкей Марғұлан шежіренің шалқымасын шерткен ер ғой,- деп, күрсініп алғаны көз алдымызда.
Қазақ тарихында жазба тарих жоқтың қасы. Қолтума талант иесі Әлекең қазақ тарихының шежіре қайнарының бірегейі археологиялық ескерткіш, шежірелік аңыз-жырлары арқылы тарихи ақиқат жолын дөп басып тани білді. Қазақ халқының арғы тегі туралы ғылыми терең негізделген өлмес шығармалары тек қана біз жоғарыда келтірген орнықты ұстанымы арқылы бірінен бірі жарыққа шыға берді. Сол бай шығармалары ұлттық ғылыми арсеналымызды байыта түсті. Ең бастысы - ұлттық рухымыздың мәртебесін өркениетті елдер алдында бұған дейін болмаған
деңгейде жарқырап көрінуіне қол жеткізді. Бұл - ұлттық ерлікке пара-пар ерен қызмет.
Қарақалпақ жеріндегі алақандай ауыл тұрғындарының бірі, кеңшар мүшесі Өмірзақ Қалбаев Ә.Марғұланның баспа бетін көрген шығармаларын қалт жібермей оқып, оны зейініне тоқып отырады. «Әлекеңнің еңбектерінен сусындау мен үшін институтта дәріс алғанмен бірдей болатын»,- деп Ө.Қалбаев ағынан жарылатын. Академик Ә.Марғұланның шығармаларымен ой-өрісін байытқан Ө. Қалбаев әдеби шығармашылық жолына алаңсыз беріледі. Оның «Қалнияз ақын» атты мақаласы республика көлемінде тұңғыш рет жарық көреді және оқырман қауымның жоғары бағасына ие болады («Қазақ әдебиеті», 9 шілде, 1982 жыл). Ә.Марғұлан: «Қалнияз ақын» атты мақала әдебиет зерттеушілеріне құнды деректер береді. Өмірзақтың мұрағатында құнды материалдар көп»,- деп жақсы баға берген.
Айтқанындай, 1993 жылы «Жазушы» баспасынан Өмірзақ Қалбаевтың «Алаңқай батыр» атты тұңғыш кітабы жарық көреді. Ө.Қалбаев сол кітапта басты кейіпкер етіп өмірде нақты болған Адай батырдың образын алған болатын. Туған елі мен жері үшін сыртқы басқыншы жаулармен қасық қаны қалғанша шайқасқан өрендер Батыс Қазақстан өлкесінде де аз болмаған. Олардың ерлік іс-қимылдары ұқсас болып келетініне таңдана алмайсыз. Алаңқай атты батыр есімі халық арасына кеңінен таралған. Ө.Қалбаевтың Адай батыр туралы шығармасы жалпы XII - XV ғасырлардағы қазақ батырларының жиынтық образын сомдауға құрылған болатын. Сондықтан дастан аты «Алаңқай батыр» болып шыққан.
Бұл жайды Өмекең ақын әлденеше рет басқосуларда әдемі етіп әңгімелеп берді де.
Сонымен, Өмекең Қалбаев халқына ақын ретінде танылды. Ескілікті халықтық жыр-дастандарға әуестік, оларды жинап-теріп (ол үшін Ө. Қалбаев, өзбек, түрікмен, тәжік жерлеріне қайта-қайта ат сабылтқан), мәдени мұраға айналдыру жолындағы тынымсыз еңбегі Алладан қайтты. Қайтқаны ғой, Адай батыр тұлғасын жырмен сомдады, Адай немересі Қосай батыр жайлы қалың том кітап жазды. Қосай атаның мазарын жоғалып кету қаупінен сақтап, оны бүгінгі ұрпаққа табыс етті.
Осыншама толымды тарихи, әдеби шығармашылық табыс Өмекеңнің оқтаудай бойына қайдан келді екен. Алдымен, оған бұл табыс құдайдың құдіретімен келген. Қалды халқының шежіресіндегі шындықты шырқау кетере білуінде. Сөйтіп, өзі айтқандай, шежіренің «шалқымасын» қайырған. Өмекең
«шалқымасы» осылай ұлттық мәдени мұрамыз төрінен орын алып отыр. Ал бұндай киелі қасиет - жан сарайы таза, бекзат бітімді жандардың ғана сыбағасы. Өмекең аға Қалбаев қылдай қиянатқа жаны төзбейтін арлы адам еді. Бұл орайда оның сүбелі шығармалары «Алаңқай батыр», «Ер Қосай туралы», «Оразекем рухына» сияқты дастан, поэмаларын оқығанда көз жеткізе түсесіз.
Белгілі қоғам қайраткері, заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев
«Маңғыстаудың Гомері» атаған тарихи тұлға жайлы Әлкей Марғұланның баспа бетін керген лебізін керелік:
«Алаңқай батыр - Батыс Қазақстанда кең тараған ертегі. Ол - қазақ фольклорының асыл мұрасының бірі. Өмірзақ Қалбаев осы
қазақ халқының асыл мұрасын үлкен дастан етіп, қызыл тілмен жырлап шыққан. Бұл поэманың және бір маңызды жері - Еділ патша туралы жырланады. Ғұн патшасы Еділдің әділ ел басқарушысы болғаны айтылады».
Байқап отырғанымыздай, заманымыздың екі ұлы Әлкей Марғұлан мен Әбіш Кекілбаевтың ой-түжырымдары бір шығып отыруымен зор қанағат сезіміне бәрімізді бөлейді-ақ.
Ажал - айналып өтер жолы жоқ, соқпай кетер мүмкіншілігі жоқ нәубет, өмірдің соңы. Ең негізгісі - «өмірде қандай із қалдырдың, не тындырдың?» деген сұраққа тіреледі.
Өмекең Қалбаевтың біз аз-кем келтірген өмір жолы бұл сұраққа «Аз болсын, саз болсын» мәтел үрдісімен жауап қата алатын сияқты.
Қайсыбірінде: «Өмірдің берекелі де мерекелі шағын көрдік. Шүкір, Аллаға»,- дегені, енді ойлап отырсам, Өмекең Қалбаев өзінің 80 жылдық мерейтойына ризашылық танытқаны екен ғой. Сол тойда облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев бастап, зор құрметпен сый-сияпат көрсетіп еді. Ағаның қуанышына ортақтасу үшін қонақтар Өзбекстан мен Тәжікстаннан, Түрікменстан мен Қарақалпақстаннан, республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп, асыл ағаны құшақтарына басқан болатын. Елінің ықыласына бөленген аға жайлы қанша айтсаң да аз.
Топ ортасында Өмекеңнің әңгіме бастап, елді ұйытып отырған сәттері көз алдымда. Ол сөйлегенде, оның сөзін бөліп, әңгімеге араласушылар аз болатын. Бас изеп, құптап отырған замандастарын
көрдім. Қайнар бұлақтай атқылап шығып жатқан кісі аттары, тарихи атаулар, уақиғалар, даталарды естіп қайран қалушы едік.
Өмірден ұлағатты жан бақилыққа көшті. Артында жазба дерек, қазыналы мұрасы, қалам ұстаған ұрпағы қалды.
«Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» дейтін аталы сөз бар. Сол айтпақшы, оны білетін, бір рет те дидарлас болған жандардың Өмекеңнің жылы бейнесі, мағыналы әңгімесі естерінен шықпайды. Оның өлімі жер бетіндегі жақсы адамдар санының бірге азайғанын дәлелдейді. Өмір жалғасып, ұрпақ өсіп келеді. Еліміздің талай тізгін ұстар азаматтары шығар... «Алла соңын бергей, соңының оңын бергей» деген бабалар тілегін медеу етейік. Игі жақсылар тұғыры болған ел ішінің құнары азаймағай. Жаратушы иемізден Өмірзақ ағамыздың иманын кәміл етіп, екі дүниенің абыройын бере гөр деп тілейміз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter