07.08.2022
  329


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Қармыс батыр (1760-1840)

 


Қармыс батыр Маңғыстау өлкесі қазақтарының мақтанышы. Оның ерлігіне тәнті болған сөз зергерлерінің тұңғышы, бірегейі Халел Досмұханбетов десек, жөнге саяды. Кезінде Қармыс батырдың өшпес ерлік ісін Қалнияз жырау өз дастанына арқау етсе,


«Ер Қармыс» туындысы дәл осы Халекең Досмұхамедұлының арқасында 1908 жылы Уфа қаласында, 1924 жылы Ташкентте баспа бетін көрді. Кешегі кеңестік дәуірде Ер Қармыстың өмір және қаһармандық қызметі жайлы терең, жан-жақты зерттелген шығармалар баспалардан жарық көрді. Ғылым докторы, жерлесіміз Қабиболла Сыдиықов осы орайда алатын орны атауға тұрарлық.


«Ақберен» кітабы бұл айтылғанды жақсы дәлелдейді. Жеке тұлғаларды былай қойғанда түлеген түбегіміздің бұқаралық ақпарат құралдары аталмыш тақырыпты күн тәртібінен түсірген емес. Мысалы, облыстық «Маңғыстау» газеті ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдың 21 шілдесінде «Асыл мұра» айдарымен «Ер Қармыс» дастанын жариялап, көнеліктерімізді жаңғыртып насихаттаудың нышанын айқындап өткен еді. Газет сол тұста көзі тірі, 80-нің сеңгіріне шыққан Қуантқан Қазтуғанов деген көнекөз қарияның есін де қалған «Қалнияздың туындысы» деп Ер Қармыстың барынша толымды нұсқасын бүгінгі оқырманға жеткізді. Зерттеушілер құптағандай, бұл нұсқа «Ер Қармыс» дастанының толымды түрі болатындай. Өйткені, ол жергілікті өлкетанушылардың күші-көмегімен толықтырылған, мәтіндік сұрыптаулардан өткізе отырып берілген еді. «Ер Қармыс» дастанының әлгі үлгісі «Балықшылар» атты тарихи-танымдық баянында да орын алды. (Кенжебек Тұманбайұлы, А.,2008, «Нұр- Принт-75» баспаханасы).


Алдын ала айтқанда Кенжебек Тұманбайұлы (1971 жылы Атырау облысында туған) өз еңбегінде Ер Қармыстың өмір және ерлік жолын нақты тарихи деректермен аңыз, шежірелік мәліметтермен үйлестіре өрнектеуге күш салған. Еңбегі жанғандай әсерге бөлейді. Қазақ оқырмандарының рухани дүниесі деңгейін көтерген «Балықшылар» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Әнес Сарай замандасымыздың шұрайлы тілімен, көркем сөзімен жазылған «Тарих тұңғыйығы тіл қатады» атты алғы сөзімен ашылған.


 


Ұзын сөздің қысқасы сол – «Балықшылар» Ер Қармыстың жеке басы туралы, «Ер Қармыс» әдеби дүние-дастаны туралы толымды еңбек. Мұндағы мәліметтерді өзге елдер шығармаларынан табу қиын, бұл тек қазақи болмысымызға ғана тән құбылыс.


Сондықтан   «Ер   Қармыс»   дастанын   толық   түрінде


«Балықшылар» кітабының 67-77 беттерінен алып, жинаққа енгіздік. Өз көзімен оқып көріп, жүрекпен сезген оқырманның бабалар тарихына бейтарап қалмағы екі талай шығар?!


 


***


Ер   Қармыстың   ата-тегіне оралудың жөні келіп     тұрғандай. Бүгінгі таңдағы бұқаралық ақпарат құралдарына сүйеніп, аталмыш


«Балықшылар» кітабына назар аударалық.


Адайдан: Құдайке, Келімберді. Құдайкеден: Тәзіке, Қосай.


Келімбердіден: Құнанорыс, Ақпан, Шыбынтай (Балықшы), Бұзау, Тобыш, Мұңал.


Балықшыдан: Өртілес, Қоршы.


Қоршыдан: Ыршымбек, Аташбек, Жолдыбай.


Тақырыбымызға тікелей қатысы бар болғандықтан Ыршымбек ата ұрпақтарына бұрылайық.


Ыршымбектен: Бекболат.


Бекболаттан: Бабай, Қожан (Бәйбішеден), Атамбай, Қармыс, Сары.


Бабай батыр түрікмендермен болған соғыста түрікменнің бір бегінің қызын әкесі Бекболатқа әкеліп береді.


Арада келісім болып, қолға түскен жесірлерді қайырғанда қыздың әкесі «қызым орынды жерге түскен екен, қала берсін» депті. Сол шәудір қызынан:


Ер Қармыс, Ерсары туады.


Қармыстан: Шопанбай, Шотан, Тұрсынбай.


Ер Қармыстан тараған осы үш ұлының ұрпақтары бірнеше әулетке жетіп егеменді қазақ елінде жұрт құрлы өмір кешіп, ер бабаларының ұлы ісіне өз үлестеріне қосуда.


Балықшыдан шыққан ел азаматтары 1992 жылы Үстірттің


«Қыземшек» төбесі басында Ер Қармысқа арнап, биік ескерткіш орнатты. «Қыземшек» төбесі іргесінде 1840 жылы жатжерліктерге қарсы ұрыста айтулы халық батыры саны бірнеше есе басым жау қолынан шәйіт кеткені мәлім.


 


Әбіш     Кекілбаев     ағамыз     «Маңғыстаудың     Гомері»     деп бағалаған Өмірзақ Қалбай ақсақалдың былайша жырлайтыны есте:


«Қыземшек пен Босаға» Бұтасы жоқ, суы жоқ, Шаңытып жатқан ен дала. Ерлердің тозып моласы, Құлпытас қалған тек қана. Қалаған тасы шашылып, Бейіт орны бар ғана.


Осылай еді бұрын да, Көрген едік барғанда Қазір барып көрсеңіз, Ел қонғандай бұл ара.


Десе дегендей... «Бүгін таңда Қыземшек төбесі мен Босаға аталатын тарихи орындарға сапар шеккен жан рухани сілкініс алмай қайта алмас, сірә.


Қарапайым адам ретімен алғанда Ер Қармысқа тән тамаша сипаттар болған көрінеді. Бегей руында Өмір, Темір, басқа да батырлардың замандасы, қарулас достар болыпты.


Бірде үй толтырған қонақтар осы қалай деген ерлеріне ризалықтарын білдіріп, қошаметтер жаудырса керек. Сөз – Қармыс жөніне ауысқанда:


-Қармыс баһадүрге теңесу қайда? –дегенді бес қаруы беліндегі ноян, батырлар алдында басын иіп күлімсірепті.


Алқа-қотан отырған қонақтар сөзден тосыла беріпті. Сонда Ер Қармыстың оң жағынан орын алған Өмір батыр бойын тіктеп жіберіп, былай деген көрінеді:


Мен білетін Қармыс батыр ұрыс даласында жараланған, не болмаса, жау найзасының ұшынан өлген сарбаздарын тастаған жоқ. Сүйекті тастап, бас сауғалау дегенді Ер Қармыс білмейді. Сендерден жасырғанымда Құдайдан жасырып не қылайын? Менен ұрыс даласында екі сүйек қалды...


Өмір батырдың өңі бұзылып, үнсіздік құшағына беріліпті. Туған еліне шынайы сүйіспеншілік деп осыны айтқан ғой, халқымыз. Осы үзінді байқатқанындай, Қармыс батыр нақты ісімен қаруластарына үлгі танытып өткен ғой. Өмір батыр өз кезегінде, міне, осы қырынан алғанда Ер Қармыстың озық екенін жұрт алдында мойындағанға саяды.


 


Қармыс баһадүрдың соңғы демі бітер шақтағы трагедиясының өзі ұлылық мектебінен дәріс алғандай әсерге бөлейді.


Жауға түскен балаларының «аталаған» даусын естіген Қармыстың көзіне қан толып, долданып, қорғануды мүлдем қойып, тағы да алты адамды шаншып түсірді. Көзіне көрінгенді түйрей бастаған. Бірақ өзі де қоршауға түсіп қалды. Бір жаудың Қармысқа салған найзасы оң жақ қарынның бұлшық етін тесіп өтті. Қармыс оқыс бұрылғанда найза ұңғылықтан сынып, ұш жағы қарынынан шықпай қалды. Батырдың оң қолы ұйып бара жатты – найзаны жалғыз сол қолымен ұстап, қайрат жинады. Ат тізгіні басқарусыз, бос қалды. Ол жаудың қалың ортасына киліге берді. Батырдың ендігі жағдайын байқаған жаулар, артынан орала келіп, алты, жеті адам қатарынан найзалай бастады. Қармыс батыр аттан гүрс етіп құлады. Жаулар Қармысты он найзаның ұшымен жоғары көтермекші болып қаусыра бастады. Осы шақта «Қуғын», «қуғын»,


«келіп қалды» деген айқай шықты. Қуғыншылардың шаңын көрген жаулар Қармысты найза ұшымен көтеруді қойып, ілгері кетумен болады. Қармыс жығылған жерінде жатып қалды. Төлеп бастаған топ қансырап жатқан Қармыстың үстінен шығады.


«Ассалаумағалейкум!» деп аттан түскен Төлеп, бір қырынан түскен Қармысты сүйемелдеп шалқасынан жатқызады.


Сонда Қармыс қырылдаған әлсіз даусымен:


-Төлеп, маған айналмаңдар, жаулар ұзап кетпей жетіңдер. Қармыс сендерге енді жоқ. Бақұл болыңдар. Аузыбіршілікте болыңдар...


Атам қазақтың Маңғыстаудағы бірегей баһадүры Ер Қармыс 1840 жылы Қызылойда жарық дүниеден көшіп жүре берді.


Оның қаһармандық ісі ел тәуелсіздігін жақындатуға үлес қосты. Ер бастысы патриоттық қызметі халқымыздың баға жеткісіз рухани мұрасын байытты. Бүгінгі егеменді еліміз жастары Ер Қармыс сияқты баһадүрларының өмірі мен ісін қастерлеу мұратының сыры мен мәні осында. Мұндай мұраға тозу жат. Ол елмен бірге жасай бермек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу