Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  156


Автор: Баян Тіленшина

БІЗДЕГІ ЗАВКА

Бейбастық бізде,
Дәл осы кезде,
Күн асқан сайын көбейді.
Тәрбиешіміз –
Бас қылмыстымыз,
Зав мұны неге көрмейді?
Қыздардан Ұлжан,
Сабақтан қалған.
Тыныш жоқ күні-түні де.
Ұру да соғу,
Нағыз ренжу,
Қайғыдан шықпас үні де.
-Ә, Ит! Сен керең,
Мә! Келтек берем!
Түзелесің осымен.
Өлсең өл сен де,
Тірілік жөн бе?
Ісім жоқ көздің жасымен.
Балаларды көріп
Асыла төніп,
Тікірейіп қарайды,
Анажан десе,
Бұл сөзге есіре.
Тыныбекті сабайды.
Мұндағы айып –
Нан сұрап барып,
Қамырды нан деп беріпті.
Алмаймын десе,
Сен,- деп,- есірме!
Сыйға шапалақ көріпті.
Атадан қалып,
Аш, арып-талып,
Рахатқа жаңа еніп ек.
Тәрбие алып,
Білімге қанып,
Шығамыз деп ек, сеніп ек.
Е, жолдас зав,
Бұл қандай ғазап?
Тәрбие ме, тәлім бе?
Мынау сұм Тотық,
Бізді өртер оттық.
Қалдығы Николай зәлім бе?
Көрсең де көрмей,
Білсең де сезбей,
Жүрсің бе, завка, көз жұмып?
Күнде жекіру,
Күю, нықыру,
Өтсе екен жылдам жыл сырғып!
Антоновкеден,
Бүлдіріп келген
Желөкпе Тотық осы ғой.
Қыздарды сабау,
Детдомды қанау,
Негізгі пейілі теріс ой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу