Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  143


Автор: Баян Тіленшина

Тізгінді шын тұлпарға берейік те

Бетінде нұры тұрар тектілердің,
Тілінде уы тұрар кектілердің.
Ит үріп, керуен көшер әлқиссадан,
Мен сені нағыз адам деп білемін.
Асылып өлген екен қасыңдағың,
Не үшін саған салар ардың дағын?
Ол кісі туып алған ұлың емес,
Әр адам қорғасын өз басын – тағын.
Қалайша біреу үшін кінәлісің?
Сен, аға, бар қазақтың шынарысың.
«Қазақтың жауы - қазақ» деген дана,
Көздейді-ау ақылсыздар шың арысын!
Белгілі –ет бұзылса, тұз түзейді,
Қисайса түйе –көшек, біз түзейді,
Қоңырат, дулат болған аламанның,
Айтысын ақын атты қыз түзейді.
Қазаққа барқыт бесік-дала керек,
Рухани байлығы мол дана керек.
Идіріп, туған жердің нәрін берер,
Өзіңдей ақ тобалы бала керек.
Сиырдың бүйрегіндей бөлінбейік,
Сырт көзге жабайы ел көрінбейік.
«Айт» десе үре берер ит емеспіз,
Бір қазақ –үш өрімің Сенің дейік!
Газетке имандылық толу керек,
Айтылған ойдың дәні болу керек.
Айтаханов Қуаныш мен білетін,
Елдің Айы!
Ай бетін қору керек.
Күн барда көлеңке-дос құтқармайды,
Бұлт шалса, ебелектен түк қалмайды.
Күн нұрын түнде берер ай секілді
Адамның нар жолында жүк қалмайды.
Көрейік руханиятты озық төрден,
Батырдың ең батыры – өзін жеңген.
Асылдың асып туған дұшпаны көп,
Жаманға – шөп, жақсыға өсек ерген.
Бойдағы қызғанышты жеңейік те,
Жүректе оты барға сенейік те.
Адами келешекті кері тартпай,
Тізгінді шын тұлпарға берейік те!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу