Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  87


Автор: Баян Тіленшина

Арқанмен күнді шығарған...

Көмештің бұлақ мінез азаматы,
Тұлпардың тумысында қазанаты!
Кіл жүйрік жарысқанда тектіліктен,
Тобыңда жан болмайды оза алатын.
Біреуден сәуле түсер бір адамға,
Біз солай ел болармыз құрағанда.
Жігітті күйдірмей ме іштегі оты,
Бермесе халқы жылу сұрағанда!?
Кім білсін, неден болар қайтарымың,
Қазақтың өсіргенсің бай танымын!
Перзентпін ақындықты арман еткен,
Сіңірсем деймін Сізден ой танымын.
Тілеген орындалды Мұратым да!
Марқайсын бүгін досың, жұратың да!
Аталды оқу орны есіміңмен,
Ту желпіп ұрпақтарың жүр артыңда.
Мәңгіге мойындалып тарландығың,
Мен үшін атты бүгін арманды күн!
Мәңгілік тірілгенің! Тірілгенім!
Бақилық соқты жүрек- балғаң бүгін!
Өсиет батаң қабыл, тілегің де,
От бар-ау Күн нұрындай жүрегіңде.
Артыңда ар –туыңды көтермесем,
Өмірді сүрмедім не, сүргенім не?!
Көмештен аққан кәусар бұлақтайсың,
Әр көктің тамырында тұрақтайсың.
Оқытып 14-іңде шал-кемпірді,
Түнекте дара жанған шырақтайсың!
Ұмытпас тарих беті өткеніңді,
Көшпелі «Қызыл отау» мектебіңді.
Әліпті таяқ демес қараңғы елге,
Арқанмен шығарғандай көкке күнді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу