Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  282


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қаладан бір түстік жер – тойтөбесі...

Қаладан бір түстік жер – тойтөбесі,
Тым биік өзінен де мəртебесі.
Жағалай ат жаратқан, қыз қаратқан
Жігіттің басу бермес əуселесі.
Ал мына ауған шақта бесіндіден
Далаға той кілемі көсілді кең.
Қалшиған бір орында баяғыдан
Дүние секілденді көшіп жүрген.
Осынау жөңкіліске жан таң қалар,
Машина, айқұш-ұйқыш ат-арбалар,
Жаяулар əр төбеге бір дем алған –
Бұл топта əкең де бар, атаң да бар.
«Той десе, домалайды қу бас» – деген,
«Өлген де, өлмеген де – бір бəс» – деген,
Кемпір-шал кебісінен шаң бораған:
«Мұндай күн енді бізге тумас» – деген.
Апалар, аға-іні, қарындастар,
Қазақы қарғатамыр бауырластар,
Ой-қырда шаруа бағып, шашыраған
Іздесең əшейінде табылмастар.
Дерің жоқ біреуі – бай, бірі – кедей,
Бəрінің айы – мейрам, күні – мерей.
Киінген қызыл-жасыл қыз-керуен
Көзіңнен ертең көшер дүниедей.
Малынып өкшелері көк сағымға,
Бұлғаңдап үкілері бастарында,
Келеді қатар-қатар жаяу тартып,
Қалардай бой көрсетіп жас шағында.
Жабыспай, бір-біріне жуықтамай,
Тігілген аппақ үйлер жұмыртқадай.
Ылғи бір қызыл белдеу, көк шаңырақ
Болады мынау сурет ұмыт қалай?
Алаңда əн айтылып, күй есілген,
Бір жақта балуандар күресінен
Ауаны қақ тіледі шыққан айқай,
Ауады осы кезде күн бесіннен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу