Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  109


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕНПИ-ДЕГІ КЕШ

Сағынды ма аңқылдаған ақынды,
Əлде көктем басы, сірə, жақын-ды.
Сəлем жолдап, сəрсенбінің сəтінде
Жаңбыр жауды, ЖенПИ бізді шақырды.
Жан жарықтық, тағы сілкіп, жайна енді,
Шақыр сен де жалындаған дəуренді,
Жанарыңнан қалған сарқыт отымен
Ізде осыдан баяғы бір сəулеңді!
Анау отыр, мынау отыр – өзі отыр,
Шіркін жастық сарқылмаған сөзі отыр,
Пай-пай, сонау қарсыдағы ақ маңдай
Менің жарым сияқты екен көзі өткір.
Əлде осынау бидай өңді қалқам ба,
Баяғы бір жолығатын ақ таңда?
Қайран Гоголь көшесінде тұрдық-ау
Үркер үстен ауып бара жатқанда.
Кенет неге айтып кеттім естелік,
Жатса жастық есімімді ескеріп,
Дəл осы үйде жүре берсем болмай ма
Баяғыдай ерте кетіп, кеш келіп.
Арманшыл ғой жүрген адам жердегі,
Мүмкін емес ол арманның сөнбегі,
Ақын жаны ескіруді білмейді,
Ол ескірсе – өлеңнің де өлгені.
Соны білген ақылыңнан айналдым,
Кіл қара көз, қара бұрым, айдарлым,
«Тағы жігіт болып қайттым бүгін», – деп
Үйде отырған апаларыңа айтармын.
Жас арулар бұл Ғафуды ғафу ет,
Біз де сері, серуеншіл ақын ек,
Тым болмаса көз қуантып қайтсын деп
Жақсы кеште шақырғаныңа рақмет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу