Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  147


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ОЙ

Əр таңда аман-есен шықшы, күнім,
Сынбасын қолдан еккен бір шыбығым.
Тағдырдың маған берген зор сыйлығы –
Барлығым – дүниеде, тіршілігім.
Жүреміз сол тірлікте жайда небір,
Жан едім жүрегі адал, майда көңіл.
Сен мені еркелетші, еркіндетші,
Онсыз да шолақ мінез – қайран өмір!
Өзім де салдыр-сұлдыр бір бала едім,
Қадірім жетті бүгін мыңға менің.
Солардың ту сыртында өзің тұрсың,
Айналдым қорғаныңнан, туған елім!
Мұңым да, мұқтажым да – бір өзің – сен.
Айнымас жарқылдаудан – мінезім – сен.
Қасымда, арманым не алыс жерде
Бір шөкім топырақ боп, бірге жүрсең!
Жерім жоқ жаман туған саған тартпай,
Қалғам жоқ қандай жолда жүгімді артпай.
Мақсатым – белбеуіңде тұрсам сенің,
Атылар дер кезінде ақ садақтай.
Бəріне жете бермес жомарттығың,
Дүниенің тесігіне жоқ-ақ тығып.
Жетпеген жеткендерге мəңгі бақас,
Олардың айқасына болмас тыным.
Бəрін де көтересің кеңшілікпен,
Кəдімгі ерен көңіл, елшілікпен.
Рұқсат ет, айналайын, туған жерім,
Алуға қасиетіңді енші ғып мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу