Аңыздар ✍️
АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Дейтіндей уақыт өтіп «баяғыда»,
(Қатысты менің өмірбаяныма).
Арқадан оқыған бір жігіт келген,
Осында өткен ғасыр аяғында.
Ол өзі шəкірті екен Ыбырайдың,
(Əмірі қайда апармас бір «Құдайдың»).
Уездің бастығына тілмəш болып,
Жарығып бетке ұстаған Күн мен Айдың.
Ноқтасыз жас ботадай бойдақ екен,
Деместен «жалғыз басты жайдақ екен».
Ел Дулат ер танитын əдетімен,
Кергімей, кең құшағын жайған екен.
Қыз беріп, отау тігіп, мал салыпты,
Болмаса ел сөйте ме сонша мықты.
Ескенде екі тілде ерсіл-қарсыл,
Тыңдаған орыс-қазақ тамсаныпты.
Азуы алты қарыс арыстандар,
Бақ үшін, билік үшін алысқандар.
Ұлықтың алдына кеп жүгінгенде,
Кезі ғой тауын жықпас таныс таңдар.
«Күштіні күшті ғана сынайд» – деген,
«Билігін Қалмұхамбет сен айт,– деген.
Ұлық та адам екен дұрыс сөзге,
Күн ұзақ айтса дағы шыдайд – деген.
Саңқылдап қаздай даусы самал түсте,
Ортаға өседі екен сабаз түссе, –
Шығармай екі жақтың сөзін шашау,
Аударса, басын изеп Ояз іште.
Алысқан бастарынан күш аттасын,
Қырқысып келген дəулер пышақтасып.
Күн ауа күліп ойнап, бітім тауып,
Қайтадан кетеді екен құшақтасып.
Осындай қызмет қылған қаншама жыл,
Жолында сонша құрмет, сонша мəзір.
Бір ғасыр өтсе дағы содан бері,
Əлі жүр ел аузында аты қазір.
Сағынып əулетімді барсам талып,
Дулаттың жүз жасаған ақсақалы.
«Армысың Қалекеңнің немересі!» –
Деп, маған қымыз тосып, бас тартады.
«Балаға ата даңқы мың жыл азық», –
Кетпесең өзің күтпей, жүнжіп азып.
Тартамын ата-бабам мекеніне,
Қалғанда жүрек шаршап, жан құлазып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter