Өлеңдер ✍️
ҚАРА ШАЛ
Қамбар Төкинге
Шалым, саған арнап келіп алыстан,
Ризамын бұл сəтіме қауышқан.
Жортып-жортып сахараның төрінде,
Енді үйінде ақсап жатқан арыстан!
Жақсы күнде жауға атылған ақ берен,
Сен қамықпа «арылды деп бақ менен».
Самсап өткен сарбаздардың сарқыны,
Сенің сірə болған күнің жоқ төмен.
Бəйтерексің аман қалған сан өрттен,
Талай бұтақ көлеңкеңнен дəметкен.
Тағдырыңа риза бол, қара шал,
Сенен-дағы биіктердің бəрі өткен.
Жатыр анау бір төбеде Баймырза,
Одан асып, туып еді қай мырза?
Топырағыңнан айналайын бір уыс,
Əлі күнге аруағына ел ырза!
Қос жолбарыс қоңыраулатқан қос дабыл –
Өтті сонау Төке менен Смағұл.
Біріне бала, іні болдың біріне,
Дүние пəни – бəрімізге нұсқа бұл!
Кімнен сорлы болып еді Хəкімбек,
Қару асып, қанын төккен халқым деп.
Бір сəлемі – бір ат болған сабаз-ай,
Кім сенеді ол да жерде жатыр, – деп.
Ордалы қасқыр азуынан от шашқан,
Ортасына арам төбет қоспастан.
Олар да өтті үдере жортып дүниеден,
Жауы да қимай жамырап кеп жоқтасқан.
Осының бəрін өз басыңнан атқардың,
Сол тобыңнан бір заманда тақ қалдың.
Сонда сені төбесіне көтерді,
Бəрі түгел – ата дəмін татқанның.
Айтылмастан қасиетіңнің аз-кемі,
Бел мертіксе, бекем байлап жазды елің.
«Бұл – кешегі пəленше!» деп халыққа,
Ту сыртыңнан таныстырған аз ба еді?
Ата даңқы қызығын да көп көрдің,
Талай уды ішіп көрдің, жеп көрдің.
Қара орманнан қалған жалғыз емендей,
Не дауылды бір басыңнан өткердің.
Адам – пəнде, таптырмайды қанағат,
Жан қимайды тіршілікті сағалап, –
Бар жинаған дəулетіңнен артында,
Қалатыны – өсиет пен аманат.
Бір шүкірлік – мал жимадың қоралап,
Дүние қуып, күн кешпедің домалап.
Риздығың ел үстіндегі ер едің,
Босағаңнан қыдыр кетпес жағалап.
Аппақ көңіл, қауқылдаған қара шал,
Ер-жомарттық саған ғана жарасар.
Енді қалған аз сапарға өзгермей,
Əлі де сол қаз-қалпыңда қала сал!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇