Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  121


Автор: Сағи Жиенбаев

Жыл сайын – қырда гүл жүзіп...

Жыл сайын – қырда гүл жүзіп,
Жайнаған кезде дүние,
Кеудемді желге сүйгізіп,
Келемін туған үйіме.
Сүйгізіп беттен, мұрыннан,
Жарысып, иық қағысып,
Артымнан ерген құлындар
Аунайды маған жабысып.
Қуанам – бойым көкке асып,
Жан-жағым шуға батқанға,
Ортайып қалған от басы,
Толысып келе жатқанға.
Кездесе ме, ылғи шақ мұндай,
Көңіліне нұрлы жаз қонып,
Ортада жалғыз аққудай,
Отырады анам мәз болып.
Қалмайды мұңның ізі де,
Ұмытқан оның барлығын...
Сан рет қарап жүзіме,
Сұрайды денім саулығын.
Сұрайды сосын арнайы,
Жекелеп барлық досымды,
Бүгінде қалай хал-жайы,
Бөбектер қанша қосылды?
Сұрайды жарын-жолдасын,
Соларға деген құрметтей,
Қажеті болсын-болмасын,
Бір сұрап өту – міндеттей.
Сұрайды өзі білетін –
Бір үйдің жалғыз ерке ұлын,
Өзіне келіп жүретін
Көршінің ашық кемпірін.
Айтамын бәрін қалдырмай,
Жаққасын бұл жыр құлаққа.
Ақыры –
Жауған жаңбырдай
Таусылады әбден сұрақ та.
Қызарып ыстық шайменен,
Қадалып үнсіз отқа көп,
Қарайды бір кез жайменен:
«Әкеңнен хабар жоқ па?..» – деп.
Таппаймын сөз де бұған түк,
Тимейді оңай бұл маған,
Көзімнің алды мұнартып,
Кінәлі жандай қиналам.
Соққандай суық жел бетке,
Арылмай сол бір кінәдан,
Мен де оны мынау жер-көктен
Отыз жыл бойы сұрағам.
Сұрағам –
жасыл белдерден
Ұядан түлеп ұшқаннан,
Көгеріп жатқан көлдер мен
Көктемде қайтқан құстардан.
Жердегі орман-тоғайдың
Талайын шарлап, таптағам.
Бұл жайлы бірақ
олардың,
Біреуі бір тіл қатпаған...
Анамның жүзі бұзылып,
Жарқылдап жүрген әлгі де,
Тап осы жерде үзіліп,
Тоқтайды барлық әңгіме...
Жанымды менің шымшылап,
Жауар бұлт құсап бүгін де,
Жауапсыз қалған бір сұрақ
Жатады көңіл түбінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу