Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  112


Автор: Сағи Жиенбаев

Теңселіп жүрген сабылып...

Теңселіп жүрген сабылып,
Теңізде болдым неше күн.
Үстіме толқын жамылып,
Астыма толқын төседім.
Бұлт болып бір кез түйіліп,
Бұрқанды бір күш денемде.
Сақылдап теңіз үйіріп,
Сүйреді мені тереңге.
Телегей-теңіз гүрілдеп,
Тереңге мені шақырды...
Денесі түгел дірілдеп,
Алқынып кенет атылды.
Ақ бұлтты шайнап, көк құшты,
Айғайға басты ол енді,
Көңілден ұшқан көп құсты
Көтеріп ала жөнелді.
Теңіздің ісі тым қызық–
Теңселіп тартты қияға.
Толқынға күнді мінгізіп,
Қондырып қайтты ұяға.
Булығып шыққан әр демі
Жел болып кетті далаға.
Үстінде жүрген сәулені
Тастады серпіп жағаға...
Теңіздің тілін үйрендім,
Тереңге сөйтіп бардым да,
Атырып көзбен ақ таңды,
Бетімді шайдым таң нұрға.
Жайраңдап қайттым теңізден,
Жанымды нұрға малдым да.
Тербетер әлі кеудемді,
Теңіздер қанша алдымда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу